Кореяның мемлекеттік мекемелері ел орталығына көшеді

Оңтүстік Кореяның мемлекеттік мекемелері Сеулден елдің орталығына көшеді.

Үкімет министрліктер мен ведомстволарды Седжонға көшірудің екінші кезеңі басталғанын хабарлады. Енді 10 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер тұрғылықты жерін ауыстырады.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяның әкімшілік астанасы атанатын Седжон қаласы Сеулден 130 шақырым жерде орналасқан. Осыдан 15 жыл бұрын бұл жерде аграрлы Ёнги уезі болатын. 2012 жылы мұнда елдегі министрліктер мен ведомстволардың тең жартысына жуығы көшіп келді. Ал таяуда үкімет қалған мемлекеттік органдарды да Седжонға ауыстыратынын мәлімдеді.

Юн Хо Джун, Корея Республикасының ішкі істер және қауіпсіздік министрі:

- Көшірудің басты мақсаты - астаналық аймақтағы жүктемені азайту және аймақтардың теңдестірілген дамуына ықпал ету. Мемлекеттік органдардың көшуі басты ұлттық міндетті орындауға - Седжонды толыққанды әкімшілік астана етуге мүмкіндік береді. Бұл жоспар 2031 жылға дейін жүзеге асырылады.

Елордалық аймақта Оңтүстік Корея халқының жартысынан астамы тұрады. Ең ірі жоғары оқу орындары мен беделді жұмыс орындары Сеулде орналасқандықтан, аймақтардан жыл сайын 50 мыңнан астам жас көшеді. Үкіметтің жоспары бойынша мемлекеттік органдардың көшуі елордадағы халық тығыздығын азайтып, Оңтүстік Кореяның орталық аймақтарының экономикасына серпін беруі тиіс. Қазір Седжонда 390 мыңға жуық адам тұрады. 4 жылдан кейін халық саны жарты миллионға жетеді деп күтілуде. Біз Седжон тұрғындарынан мемлекеттік органдардың көшіп келуіне  қалай қарайтынын сұрап білдік.

Ли Сан Гын, мемлекеттік қызметкер:

- Мен Сеулде 10 жылдан астам тұрдым. Үйім жұмыстан алыс болғандықтан, жолға бір бағыттың өзіне бір жарым сағаттан астам уақыт кететін. 2012 жылы осында көшіп келдім, қазір жұмысқа дейін 10 минутқа жетпейтін уақытта жетемін. Бұдан бөлек Сеулде демалуға уақытым болмайтын, ал Седжонның жанында жағажайлар бар, біз ол жаққа жиі барып демаламыз. Сонымен қатар 30 минуттық жерде инфрақұрылымы дамыған Тэджон және Чхонджу сияқты ірі қалалар орналасқан.

Ким Хён Джон, кәсіпкер:

- Бұл жерде тұрып жатқаныма 10 жыл болды. Мұндағы табиғат пен таза ауа өте ұнайды, себебі Седжон тұрғындарының көбі велосипедпен жүреді. Кемшіліктеріне келсек, мұнда әзірге мәдени-демалыс орындары жеткіліксіз. Көптеген танымал актерлер мен музыканттар Сеулде тұрады. Мемлекеттік органдардың көшуі мәдениеттің дамуына ықпал етеді деп үміттенемін.

Үкімет деректеріне сәйкес, Седжондағы жаңа ғимараттардың құрылысына ғана шамамен 3 триллион 100 миллиард вон, яғни 2 миллиард 300 миллион АҚШ доллары жұмсалады.  

Владислав Цой, тілші:

- Атап өтерлігі, министрліктер мен ведомстволарды Сеулден Седжонға көшіру жобасы Либералды партияның өкілі – Корея президенті Но Му Хённың тұсында басталған еді. Екінші кезеңді оның партияласы Ли Чжэ Мён жалғастыруда. Қазіргі мемлекет басшысының президенттік өкілеттігі 2030 жылы аяқталады, оған дейін елде үкіметті көшіру процесі толық аяқталады.

Авторлары Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ оқыңыз: