Кореяда мемлекеттік инновациялар көрмесі өтті
Шаруаның виртуалды кеңесшісі және саяхатшының ақылды көзілдірігі.
Осы және өзге де жаңа технологиялар Оңтүстік Кореяда өткен мемлекеттік инновациялар көрмесінде таныстырылды. Келушілерге үкіметтік мекемелерде қолданылатын қызметтермен танысып, виртуалды автомобильдер мен кемелерді жүргізуге мүмкіндік берілді.
Оңтүстік Кореяда мемлекеттік ұйымдар жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтіп келеді. Ноу-хаулар дәрі-дәрмектердің стандарттарға сәйкестігін тексеріп, тіпті орман өрті және қоқыспен де күресуге жәрдемдеседі. Ақылды зерде негізіндегі зияткерлік платформаның арқасында Кванджу қаласының билігі бейберекет қоқыс үйінділерінің санын 125-тен 57-ге дейін қысқартты. Жүйе датчиктер мен бейнекамералардың көмегімен белгіленген үлгідегі қоқыс пакеттерін танып, люктің қақпағын өздігінен ашып жабады.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл жедел жәрдем көліктеріне арналған ақылды жүйе. Ол көліктің ішіндегі барлық медициналық құрылғыларды бір жүйеге біріктіреді. Тамыр соғысы, қан қысымы сияқты барлық деректер бір стандартқа келтіріліп, бір экранда көрсетіледі. Бұл мәліметтерді планшеттен немесе тікелей ақылды көзілдірік арқылы көруге болады. Сонымен қатар жүйе емдеу барысын автоматты түрде жазып отырады және жедел жәрдем бригадасының жұмысын үйлестіруге көмектеседі.
Технологиялар құтқарушылардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Мына робот 800 градусқа дейінгі температураға төтеп беретін материалдан жасалған және екі мың литрге жуық су тасымалдай алады.
Чон Хён Дон, Пусан қаласының өрт сөндіру басқармасының қызметкері:
- Бұл әзірлеме қызметтік міндетін атқару кезінде өрт сөндірушілердің қаза табу оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты осыдан екі жыл бұрын пайда болды. Қазір елімізде осындай төрт көлік бар. Робот суды жеткізіп, 7-қабатқа дейінгі өртті сөндіре алады.
Бүгінде кез келген адам фермер бола алады. Ол үшін ұзақ оқудың қажеті жоқ. Өсімдіктерді қандай топыраққа және қандай ауа райында отырғызу керектігі жөнінде кеңес беретін, тіпті олардың ауруларын анықтайтын тегін қосымша әзірленді.
На Е Рим, Корея ауыл-аймақтарды дамыту әкімшілігінің бас маманы:
- Біз жүйені шамамен үш жүз мың сурет негізінде оқыттық. Осының арқасында бұл сервис арқылы өсімдік зиянкестері мен ауруларының 31-ге жуық түрі мен 248 тармағын анықтауға болады. Сіз телефон камерасын бүлінген жеміске бағыттасаңыз болғаны, бағдарлама нақты қандай ауру немесе зиянкес екенін көрсетеді.
Оңтүстік Корея үкіметі жасанды интеллектті экономиканың барлық саласына енгізуді жоспарлап отыр. Ол үшін келесі жылы зерттеулер мен әзірлемелерге шамамен 29,5 миллиард АҚШ доллары бөлінбек. Болжам бойынша бұл инвестиция бірнеше жылдан кейін өзін өзі ақтайды. Корея ғылыми-техникалық саясат институтының деректеріне сүйенсек, инновацияларды енгізу ұйымдарға жалпы операциялық шығындарды орта есеппен 35 пайызға, ал күнделікті жұмысқа кететін еңбекақы шығындарын үштен бірге қысқартуға мүмкіндік береді.
Авторы Владислав Цой