Автоөндірісте бәсеке күшейіп, табыс азайды
Қытай бұрын-соңды болмаған көлемде көлік экспорттап жатыр.
Сыртқа шығарған темір тұлпар саны биыл 10 миллионға жуықтайды. Бірақ сонша көлік сатқанымен табыс ойдағыдай емес. Тіпті аз. Кейінгі бір жылда саладағы қытайлық жетекші компаниялар 269 млрд доллардан қағылған. Басты себеп - ел ішінде бәсеке күшті.
Енді табыс іздеген компаниялар бағытын шетелдік нарыққа бұрған. «Бірақ бұл да әзір нәтиже бере қоюы неғайбыл» дейді сарапшылар. Бұған не себеп?
Қытайлық автоөндірушелер ішкі нарықтағы жоғары бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Жергілікті автокомпания акцияларының жалпы нарықтық құны былтыр рекордтық 600 млрд долларға жеткен еді. Ал биыл шамамен 269 миллиард долларға қысқарған. Яғни көрсеткіш 45 пайызға төмендеді. Өйткені бәсеке жоғары, салдарынан табыс аз. Елде өндірістік қуат шамадан тыс артқанымен өнімді өткізу қиын болып тұр. Саланың жетекші екі компаниясын алайық. BYD және Xiaomi. Алғашқыда смартфон шығарып, танымал болған Xiaomi 2024 жылы автомобиль өндірісіне көшкен. Бұл компания шамамен 95 миллиард доллардан айырылса, BYD акциялары 38%-ға арзандап, 37 миллиард долларға кеміді.
ЦИТАТА
Эдмунд Харрис, GUINNESS GLOBAL INVESTORS инвестиция жөніндегі бас директоры
- Қазір біз ішкі нарықта өте қатаң әрі ретсіз бәсекені, ал шетелдік нарықтарда аса жоғары және стратегиялық тұрғыдан сауатты бәсекені байқап отырмыз. Қытайда автокөлік өндірушілері бір-бірін нарықтан ығыстырып жатыр. Өзге елдерде де әбден қалыптасқан автокөлік компанияларына үлкен қысым көрсетуде. Қытайда өндірілген автомобильдер халықаралық автокөлік өндірушілерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызды тірекке айналып келеді.
Қытайда көліктердің бөлшек саудасы қатарынан он екінші ай төмендеп барады. Бұған жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс пен автокөлік сатып алуға бөлінетін субсидиялардың қысқаруы себеп. Тұтынушылар қаржысын оңды-солды жұмсағысы келмейді. Сол себепті қытайлық арзан брендтер шетелдік нарықтардағы үлесін арттыруда. АҚШ нарығы Қытай үшін жабық. Сондықтан қысым көбінесе Еуропаға түсіп жатыр. 2024 жылдан бері еуропалық автокөлік өндірушілерінің нарықтық капитализациясы шамамен 250 миллиард долларға қысқарды. Bloomberg Intelligence басылымының мәліметіне сүйенсек, былтыр Қытай Еуропада 70 автокөлік моделін ұсынған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Чжу Ифан, Қытай автомобиль технологиялары мен зерттеулер орталығының бас сарапшысы:
- Қытайда өндірілген автомобильдердің бүкіл әлем бойынша сатылуы Қытайда шығарылатын өнімдердің сапасы, өндіріс тиімділігі және жеткізу тізбектері жоғары сенімге ие екенін көрсетеді.
«Қытайлық автоөндірушілер сыртқы нарықтарды жаулап алуға қанша тырысса да ел ішіндегі сұраныстың төмендеуін өтей алмай отыр» дейді сарапшылар. Өйткені Еуропада зауыттар салуға және жеткізу тізбектерін дамытуға миллиардтаған еуро жұмсайды. Әсіресе корпоративтік автомобильдер нарығына кіру оңай емес. Кәрі құрлықта жаңа темір тұлпарлардың жартысынан астамын жеке компаниялар сатып алады. Ал осы тұста Volkswagen, Mercedes және Stellantis NV сияқты автоконцерндер ұтады. Өйткені жергілікті компаниялармен бұрыннан қалыптасқан іскерлік байланыстары бар. Сол үшін де қытайлық өндірушілерге жеңілдіктер ұсынуға тура келеді. Брюссель мен Бейжің Қытайдың гибридті автомобильдер экспортының күрт өсуін тежеуге бағытталған келісімге қол жеткізді. Енді BYD, Chery және басқа да компаниялар Еуропадағы өндіріс көлемін жаңа зауыттар салу немесе қолданыстағы өндіріс орындарын жаңғырту арқылы кеңейтеді. BYD 2030 жылға қарай Еуропадағы қызметкерлерінің санын 40 мың адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Мұнда да бірқатар қиындықтар бар. «Қарт құрлықта автомобиль өндіру Қытаймен салыстырғанда 70-100%-ға қымбатқа түседі» дейді мамандар.
Хильдегард Мюллер, Германия автомобиль өнеркәсібі қауымдастығының президенті:
- Автомобиль өндірісінде көп жылдық тәжірибеміз бар және осы уақыт ішінде үнемі жаңа инновацияларды енгізіп келеміз. Қытай деректерге негізделген бизнес-модельдерді қолдану және басқа да салаларды жылдам меңгеріп жатыр. Ал Германия өз тарапынан қауіпсіздік пен тиімділікті ұсына алады. Болашақта екі тарап та мықты тұстарын пайдаланып, бірлесе жұмыс істеуі керек деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе – автокөлік саудасынан түсетін таза табыс көлемі. Бұл тұста қытайлық компаниялардың табысы еуропалық немесе жапон өндірушілерінен әлдеқайда аз. Мәселен, биыл сатылған әр Mercedes-Benz көлігінен түскен пайда көлемі 3 892 доллар болса, BYD компаниясында бұл көрсеткіш - 1 294 доллар.
Сатылған әр көліктен түскен табыс
(2026 ж. қаңтар-қыркүйек)
Mercedes-Benz $3 892
BMW $3 426
Toyota $2 160
Tesla $1 553
Chery $1 318
BYD $1 294
Geely $1 122
SAIC $609
Volkswagen $14
Changan −$45
Дереккөз: Bloomberg
ЦИТАТА
Тяньлэй Хуан, Петерсон халықаралық экономика институтының аға ғылыми қызметкері
- Қытай автомобильдерді қаншалықты жылдам әрі арзан әзірлеп, өндіруге болатыны жөнінде әлемдік нарыққа жаңа стандарт ұсынып отыр. Бұл тұтынушылар үшін тиімді. Сондай-ақ электромобильдердің әлем бойынша кеңінен таралуын жеделдетуі мүмкін. Алайда төмен пайда жаһандық автомобиль өнеркәсібіне тән тұрақты құбылысқа айналуы ғажап емес.
Биыл Қытайдың автокөлік экспорты 75%-ға артты. Өсім, әсіресе, тоқпен жүретін және гибридті машиналар арасында жоғары. Алайда алдағы жылы автомобиль экспортының ұлғаю қарқыны 10%-ға дейін баяулауы мүмкін. Бұл Қытайдың Жеңіл автомобильдер қауымдастығының дерегі. Өйткені халықаралық нарықтар жергілікті өнеркәсіпті қорғау мақсатында түрлі шаралар қабылдап жатыр. Еуропалық Одақ, Таиланд және Бразилияның реттеуші органдары Қытайдан келетін экспорт ағынын шектеу үшін жоғары импорттық баж салығы мен квоталар енгізеді. «Дегенмен, Таяу Шығыс елдерінде қытайлық автомобильдерге деген сұраныс жоғары деңгейде сақталады» дейді сарапшылар.