Саудия шабуылынан 20 адам қаза тапты
Сауд Арабиясы бастаған әскери коалиция Йеменде бірнеше әуе соққысын жасап, 20 адам қаза тапты. Тағы 26-сы жараланған. Хуситтердің мәлімдеуінше Ходейда қаласындағы өнеркәсіптік зауыт, Саада провинциясындағы минадан тазарту тобы мен жедел жәрдем қызметкерлері және ел астанасы Санадағы аяқ киім фабрикасы шабуылға ұшыраған, деп хабарлайды «24KZ».
Коалиция Йеменнің бірнеше аймағында хуситтердің әскери нысандарына соққы жасалғанын растады. Алайда бейбіт тұрғындар мен өндіріс орындарының зардап шеккені туралы ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ. Сонымен қатар хуситтер қозғалысына тиесілі Al Masirah телеарнасы Саудия аумағындағы стратегиялық маңызы бар «Шығыс–Батыс» мұнай құбырына соққы жасалғанын хабарлады. Бұл құбыр Корольдіктің шығысындағы мұнай кен орындарын Қызыл теңіздегі Янбу портымен байланыстырады. Алайда мұнай тасымалдау жұмыстары тоқтамаған.