Кей брендтер Black Friday науқанынан бас тартты

Бүгін әлемнің түкпір-түкпіріндегі дүкендерде дәстүрлі Black Friday науқаны басталды. Сауда орындары тұтынушыларды түрлі жеңілдіктермен қуантқанымен, биыл бірқатар танымал бренд бұл науқанға қатысудан бас тартқан. Бірі табысын сақтап қалуды көздесе, енді бірі бәсекелестерден оқ бойы озып, өзгеше стратегия ұстануға бел буған. Сарапшылар мұны нарықтағы жаңа үрдістің белгісі деп бағалайды. Ал жеңілдіктер жарысындағы бұл өзгеріс әлемдік саудаға қалай әсер етпек? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Жеңілдік көп болған сайын сауда да қыза түсуі керек. Бірақ биыл кей брендтер бұл науқанға қатысуға ниетті емес. Солардың бірі – танымал Pinko компаниясы. «Қыруар тауар сатылғанымен, табысы ойдағыдай болмайды», – дейді италиялық сән үйінің басшылары. Black Friday кәсіпті тығырыққа тірейді. Өйткені жеңілдік ұсыну таза кірісті едәуір азайтады. Әйтсе де бұл қадамның кері әсері де бар. Reuters агенттігінің дерегі бойынша Pinko сән үйі биылғы науқанға қатысудан бас тартып, 2 млн еуро пайдадан қағылуы ықтимал.

Али Бешарат, Денвер университетінің профессоры:

– Бұрын кей компаниялар бағаны өтірік қоятын. Қазір заңға бағынбайтындарға айыппұл мен жаза қарастырылған. Бұған қоса6 компания расымен жеңілдік ұсынып отыр ма, жоқ па, мұны білу де өте оңай. Тіпті Amazon сайтында тауар бағасының кейінгі айда қалай өзгергені туралы ақпарат тайға таңба басқандай көрініп тұрады.

Кей компаниялар қызметкерлеріне демалыс берсе, енді бірі дүкендерін жауып, мұның орнына Нью-Йорк пен Торонтода қан тапсыру шарасын ұйымдастыруға ниетті. «Сауданы бір күнге тоқтату – артық тұтынуды азайтудың бір жолы», – дейді олар.

Анна Брайтман, UpCircle брендінің негізін қалаушы:

– Black Friday – бұл ысырапшылдыққа жол беру. Жаппай тұтынуды ынталандырудың құралы деуге болады. Ал бұл – біздің компанияның ұстанымына қарама-қайшы дүние.

Ирандағы соғыстан жарты әлемді қымбатшылық жайлады. Мұның салдарынан біраз елде сауда-саттық азайды. Жеңілдік ұсыну баяулаған сұранысты арттырады. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Кәсіпкерлер тұтынушыларды арзан бағаға үйретіп аламыз ба деп алаңдайды. «Ал қымбатшылықтан шаршаған адамдар ақшаларын оңды-солды жұмсауға қорқады», – дейді сарапшылар.

Шикха Джайн, Simon-Kucher компаниясының серіктесі:

– Қазір сауда бұрынғыдай емес. Бұған дес бермей тұрған инфляция мен күрделі экономикалы ахуал себеп. Америкалықтардың көбі үнемшілдікке көшкен.

Сарапшылар кей америкалықтар жайлы тұрмысы үшін ештеңеден бас тартпайды. Black Friday науқаны кезінде сауда-саттық 2-4 пайызға артады деп топшылайды.

Али Бешарат, Денвер университетінің профессоры:

– Былтырғы деректерге қарағанда, тұтынушылардың 56 пайызы смартфон арқылы сауда жасаған. Қалың жұрт жарнамада көзге түскен жеңілдіктерге мән береді. Қазір адамдар тауарларды себетке сала береді, бірақ сатып алуға асықпайды. Ал маркетологтар мен саудагерлер бұл жағынан өте айлакер. Олар түрлі бонус ұсынады. Мәселен, егер бүгін тапсырыс берсеңіз, сізге 10 пайыз жеңілдік жасаймыз. Тауардың себетіңізде жатқанын байқадық. Сатып алуды аяқтауыңыз үшін қосымша 20 доллар жеңілдік берсек, қалай қарайсыз?», – деп қызықтырады.

Ал Қытайда жағдай керісінше. Халқы өте үнемшіл. Шығыстағы көрші елде дүкендер жеңілдіктер мерзімін ұзартып, арзан баға ұсынса да, қытайлықтар ақшасын жұмсауға асығар емес.

Лю И, Analysys компаниясының бас сарапшысы:

– Адамдар бұрынғыдай жеңілдіктерге қызықпайды. Керісінше, қор жинауға тырысады. Қажетсіз заттарды сатып алмауды жөн көреді. Бір тауар сатып аларда бұл оған қаншалықты қажет екенін жақсылап ойланады.

Кон Мин, Бейжің қаласының тұрғыны:

– Бұрынғыдай танымал немесе қымбат брендтерге қызықпаймын. Тауардың бағасы мен сапасына мән беремін.

Лю Ишу, дизайнер:

– Қазір адамдар жай ғана зат жинай бермей, саяхаттау, демалу, көңіл көтеру секілді өмірдің қызығы мен әсерлі сәттеріне ақша жұмсауды жөн көреді. Асығыс тапсырыс бермейміз. Әртүрлі ұсынысты салыстырып барып, таңдаймыз.

Adobe Analytics сарапшыларының есебіне қарағанда, техника мен киім-кешекке берілетін ең үлкен жеңілдік 20-30 пайыздан аспайды. Иә, қазір саудада бәсеке күшті. Сондықтан тұтынушының сеніміне ие болу маңызды. Қазір компаниялар сауда саясатын қайта қарауға мәжбүр. Бүйтпеске амалы да жоқ. Өйткені табысы азайып барады.

Автор: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: