Лондон музейі жаңа ғимаратқа көшті

10 жылға созылған құрылыстан кейін Лондон музейі есігін қайтадан ашты. Британ аралдарының тарихынан сыр шертетін жәдігерлер сақталған мұражай жаңа ғимаратқа көшті, деп хабарлайды 24KZ.

«Себебі алдыңғы орналасқан жерін табу да, оған бару да қиын еді», – дейді қызметкерлер. Сондықтан жаңа нысан құрылысына билік 180 млн фунт қаржы бөлген. Ал мұражайға Ежелгі Рим империясынан қазіргі шаһар тарихына дейінгі кезеңді қамтитын құнды жәдігерлер қойылған.

Тұманды Альбион астанасының тарихынан сыр шертетін музей үшін тарихи әділдік орнады. Себебі орта ғасырлық Лондонның орталығы болған жерге көшіп, заманауи ғимаратқа қоныс тепті. Бұрындары ескі ғимаратта жәдігерлердің тек ширек бөлігі көрсетілсе, енді толығымен қала тұрғындары мен қонақтарына паш етілмек.

Аннетт Дэй, Лондон музейінің тұрақты галереялар меңгерушісі:

– Бұрындары бұл жерде үлкен базар болған. Тек Лондон немесе Англия ғана емес, жақын шетелден келіп сауда жасаған. Кейіннен әлемдегі ең алғашқы теміржол желілерінің бірі орналасты. Ол қазір де бар. Сол үшін ғимарат сызбасын жасаған сәулетшілер оны барлық адам көруі үшін 6 метрлік алаң жасады.

Мұражайдың басты мақтанышы – Рим империясы кезеңінен қалған жәдігерлер. Себебі қаланың бірнеше мың жылдық тарихын дәлелдейді. Одан бөлек, Ұлы өрт пен ел тағдырын өзгерткен өзге оқиғалар мен кезеңдерден қалған бұйымдар мен заттар бар.

Шэрон Амент, Лондон музейінің директоры:

– Лондон қаласының негізі біздің заманымыздың 43-і жылы қаланды. Себебі Темза өзенін бойлаған Рим империясы үшін бекініс қажет болды. Екіншіден, қала айлақ рөлін де атқарды. Кемелермен жүк жеткізілетін. Бірінші ғасырда шаһардың аты Лондиниум еді. Осылай кезең-кезеңімен Ұлыбритания астанасы өсіп-дамып келді. Бастысы, айтылған барлық кезеңнен сыр шертетін жәдігерлеріміз жеткілікті.

Айта кетейік, музейдің жаңа ғимаратта қайта ашылу құрметіне орай қала тұрғындары мен қонақтары жыл 12 ай тегін кіре алады.

Авторы: Еркелді Тілеуқұл

Сондай-ақ оқыңыз: