Израильдің премьер-министрі вакцинаның екінші дозасын салдырды

Израильдің премьер-министрі COVID-19 екпесінің екінші дозасын қабылдады, деп хабарлады «Хабар 24».

Тоғыз миллион адам тұратын еврей елі вакциналау бойынша әлемде көш бастап тұр. Израиль карантинді 8 қаңтардан бастап күшейтті. Үкімет барлық ересек тұрғындар наурыздың аяғына дейін вакцина салдыруы керек деген міндет қойып отыр.

Биньямин Нетаньяху, Израильдің премьер-министрі:

– Вакцинаның алғашқы үлкен партиясы көп ұзамай келеді. Бұл операцияны «Өмірге оралу» деп атадық. Вакциналаудың арқасында экономикамызды тезірек сауықтырамыз. Мейрамханалар, жаттығу залдары, мектептер, синагогалар мен театрлар ашылады. Бұл үшін сіздерден екі нәрсе керек: вакцина ектіріңіздер және карантин талаптарын сақтаңыздар. Коронавирус жағдайына бірге кіргенбіз, енді әлемде алғашқы болып шығамыз.

Нетаньяху вакцина салдырып жатқанда, Иерусалимде оған қарсы наразылық шаралары өтті. Елде 3600-ден астам адам ковидтен көз жұмып, 490 мың тұрғын ауырған. Осы жылдың 23 наурызында Израильде парламент сайлауы өтуі тиіс.