Римде жүздеген студент пен оқушы ереуілге шықты

Италияның Рим қаласында жүздеген студент пен оқушы Үкіметтің коронавирусқа қарсы шарасына көңілдері толмай ереуілге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар биліктен сынып санын көбейтуді талап етіп отыр. Үкіметтің жуырдағы шешімімен әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін жоғары сынып оқушыларының тек жартысы ғана партаға қайта оралуы керек. Ал жастар биліктің бұл шешімімен келіспейді. Айтуынша, оқушылар 10 ай бойы қашықтан оқу форматында отырып көптеген қиыншылықтарға тап болды. Бірінде интернет болмаса, енді бірі компьютердің жоқтығынан қиналды.

Айта кетейік, Италиядағы балаларды қорғау ұйымының мәліметі бойынша онлайн білім алған шамамен 34 мың түлек ары қарай оқуын жалғастырғысы жоқ. Ал, БҰҰ-ның Балалар қоры пандемия кесірін Италияның 10 млн-ға жуық студенті тартқанын хабарлайды.

Симон Шиазе, оқушы:

- Қашықтан оқытудың  пайдасы жоқ. Білім сапасын арттыру үшін мектепке оралуымыз керек. Сондай-ақ қауіпсіздікті де қамтамасыз етуді талап етеміз. Студенттер мен оқушыларға арналған арнайы көлік болуы тиіс. Иә, бүгіннен бастап кей оқушылар мектепте оқиды. Алайда үйде отырғандар да аз емес. Ғаламтор арқылы оқи алмайтындар да баршылық. Салдарынан оқуын мүлдем тастап кеткісі келгендердің қатары артып барады.