ДДСҰ мамандары Уханьдағы аурухананы барып көрді

Қытайдың Ухань қаласында коронавирус індетінің шығуын зерттеуге барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандары жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан екі күн бұрын карантиннен шыққан сарапшылар жергілікті аурухананың біріне барып қайтты. Алдағы екі аптада мамандар жергілікті зертханаларды, вирус алғаш тіркелген базарды және өзге де ауруханаларды барып көрмек.

Айта кетейік, Халықаралық ұйымның Уханьға өз мамандарын жіберу туралы Қытай билігімен келіссөзі бірнеше айға созылып, тек қаңтардың бас кезінде ғана рұқсат алған болатын. 13 адамнан тұратын сарапшылар тобына АҚШ, Австралия, Германия, Жапония, Ресей және тағы бірнеше елдің мамандары кірген.