Чехияда кәсіпкерлер карантинге қарсы шеруге шықты

Чехияда қоғамдық тамақтандыру саласының қызметкерлері ауқымды наразылық шарасын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирус індетіне қатысты елде қатаң карантин тәртібі енгізілді.

Алайда ондаған кафе мен бар қожайындары өз есіктерін ашуды ұйғарды. Олар осылайша зор шығынға батқан салаға биліктің назарын аудартпақ. 

Мейрамхана иелері осындай қадамға баратынын былтырғы желтоқсанда ескерткен. Туризм саласы сияқты біз де шектеулердің ең ауыр зардабын тартып отырмыз дейді. Жазда локдаун алғаш рет жарияланғанда кәсіпкерлер зор шығынға батты. Ай сайын жағдайы нашарлап, көбісі банкротқа ұшыраған. Сондықтан билікпен араздасудан басқа амалы қалған жоқ. 

Мартин Жокич, мейрамхана иесі:

– Арқаларына пышақ қадаған жоқпыз, билікті төтенше шараға баруға мәжбүр екенімізді ескертіп жүрдік. Ұзақ уақыт көмек беруге уәде етті. Алайда іске келгенде, үкіметтің жәрдемі өте аз боп шықты. Ол бізді сақтап қалмайды. Әрекетіміздің дұрыстығын қоғамның қолдауы дәлелдеп отыр. Интернетте Прага тұрғындарының 60 проценті тыйымға қарамастан, дәмханаларымызға келетінін жазған. 

Мейрамхана иелерінің есебінше, локдаунның әрбір күнінде сала 20 миллион доллар шығынға ұшырап отыр. Бірақ биліктің райынан қайтар түрі жоқ. Керісінше, өз есігін ашқан барлық дәмханаға бір мың доллар мөлшерінде айыппұл салды. Ережені тағы бұзса, жаза да қатаңдайды. Кәсіпкерлер наразылық шарасын жалғастырмақ.

Яромир Кароль, заңгер:

– Мейрамхана иелері түймедейді түйедей етіп отыр. Жұмыстарына тыйым салынған жоқ, тағам мен сусындарын көшеге шығатын арнайы терезеден сата алады. Тек адамдарды ішке кіргізуге болмайды. Олар Чехияда індет дендеп тұрғанын түсінуі керек.

Кәсіпкерлер «Чехияны ашамыз» атты саяси қозғалысты тіркеуді көздеп отыр. Осылай шектеулерді аттап өтіп, жиналыстарын өткізуге бел буған. Өйткені індетке қарамастан парламент мәжілістері мен өзге де саяси шаралар өткізіліп жатыр ғой дейді олар. Келесі аптада Прага көшелеріне кәсіпкерлерді қолдап шектеулерден жалыққан қарапайым халық та шықпақ. 

Александр Грэс, Павел Невид