Disney анимациялық студиясын жабатын болды

Газета.Ру

Ойын-сауық индустриясындағы ең ірі компаниялардың бірі Disney коронавирус салдарынан туындаған дағдарысқа төтеп бере алмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп анимациялық студияларының бірін жабатын болды. Ал Испанияда 500 қонақ үй қызметін тоқтатты. Индонезияда да осындай жағдай. Ал гүл бизнесіндегі америкалық кәсіпкерлер қазір сұраныс жоғары екенін айтады.

Бірақ нағыз жұмыс қызатын кезде жаңа қиындық пайда болған. Әдетте әлемде дәл 14 ақпан күні гүл сатушылардың бизнесі қыза түседі. Өйткені көптеген ел бұл датаны Ғашықтар күні деп біледі. Алайда биыл америкалық кәсіпкерлер қуанатын түк те жоқ дейді. Ең қызығы, елде тауарға сұраныс жоғары. Бірақ шектеулер кесірінен оны Мексика мен Эквадордан жеткізу қиындаған. Салдарынан гүл жетпей жатыр. Негізі АҚШ-та коронавирусқа байланысты кісі өлімі жоғары деңгейде. Жерлеу рәсіміне гүлге тапсырыс көп түседі екен. Ғашықтар күні қарсаңындағы жоғары сұраныстан бөлек, өсімдік тапшылығына осы жайт та түрткі болған.

Марк Чатофф, гүл сататын дүкеннің менеджері:

– Біз үйлену тойлары мен мектеп бітіру кештеріне көп тапсырыс алатын едік. Алайда оның бәрін өткізуге рұқсат жоқ. Бірақ десе де тауарларымызға сұраныс жоғары. Өйткені қазір көбі жерлеу рәсіміне тапсырыс беретін болды. Бірақ бұл жайтқа не қуанарымызды, не жыларымызды білмейміз. Алда Ғашықтар күні. Бұл көбіне қуаныш сыйлайтын мереке болғасын, біз де дайындыққа кірістік. Алайда сұраныс пен ұсынысқа байланысты қиындықтар туындады. Былтырлары гүл көп болатын. Алайда қазір жағдай мүлде басқа. Шекаралар жабық. Сондықтан логистика қиындады.

Гүл бизнесі құлдырады

Ал Гонконгта керісінше гүл көп, бірақ оны сату жағы қиындаған. Ертең Қытайда ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл басталады. Осыған орай жылда Гонконгта Гүл жәрмеңкесі өтетін. Бірақ шектеулерге байланысты биыл оған рұқсат жоқ. Салдарынан гүл өсірушілердің есіл еңбегі еш кеткелі тұр. Сөйтіп, бұл бизнесіндегі кіріс 50 процентке дейін төмендеуі мүмкін деген болжам бар.

Фрэнсис Лун, бизнес-сарапшы:

– Адамдар күштеп оқшаулаудан қатты қажыды. Бүгінде коронавирус зардабын тигізбеген бірде бір сала жоқ. Үкімет гүл сататын жәрмеңкелерді биыл да тоқтатпауы керек еді. Бірақ әйтеуір жалпы сауда-саттыққа тыйым салған жоқ.

Індеттің биылғы бет алысы әдемі гүлдердің отаны Нидерланд кәсіпкерлерін де алаңдатып отыр. Былтыр індет басталғанда бұл елдегі бизнесмендер 140 миллионнан астам атақты голланд қызғалдағын далаға тастаған болатын.

Сыра өндірушілерінің шығындары көбейді

Шектеулерден гүл өсірушілер ғана емес, сыра өндірушілер де зардап шегіп отыр. Германияда локдаун тағы да ұзартылды. Бұл дегеніміз, былтыр қарашада жабылған мейрамхана, барлар мен дәмханалар таяу арада ашылмайды деген сөз. Оған сыра өндірушілер қапалы. Өйткені ішімдіктің бұл түрінің сатылымдары төмендеген. Кәсіпкерлер фестивальдерге үлкен үміт артқан еді. Өйткені мұндай шарада сыраны көп тұтынатын. Алайда шектеулер салдарынан ондай фестивальдер де өтпеді. Сондықтан өндірушілер шаш етектен шығынға батқанын айтады. Олар соңғы жылдары коронавируссыз да ішімдіктің осы түрін тұтыну азайған дейді. Өйткені салауатты өмір салтын таңдайтындар қатары көбейіп келеді. Сондықтан пандемия жазылмай тұрған жараның бетін ашты дейді кәсіпкерлер.

Марк-Оливер Хунхольц, Германия сыра қайнатушылар федерациясының өкілі:

– Бізде сыра қайнататын 1500 компания бар. Солардың шамамен мыңы – шағын кәсіпорын. Олардың табысы барлар мен дәмханалардың жұмысына тәуелді. Өйткені өнімдерінің көбін осы орындарда сатады. Ал дәмханалар мен барлар әлі ашылмайды. Сондықтан жағдай қиын боп тұр.

Анна Хеллер, Brauerei Heller GMBH бас директоры:

– Карантиннен көз ашпай келеміз. Бірінші локдауннан өйтіп-бүйтіп шықтық. Жазда сауда қайта қыза бастаған еді. Бірақ қазіргі локдаун оңай бомлай отыр. Негізі, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр сатылымдар 40 процентке төмендеген еді. Бұл жылы не боларын болжау қиын.

Нидерландтық Heineken мыңдаған қызметкерін қысқартады

Нидерландтық атақты сыра өндіруші Heineken концерні де пандемиядан зардап шеккен. Бұл әлемнің 70 елінде жұмыс істейтін алпауыт кәсіпорын. Мейрамханалар мен барлардың жабылуына байланысты мұнда да сатылым азайды. Сондықтан компания 8 мың қызметкерін қысқартайын деп отыр.

500 қонақ үй жабылып қалды

Қазір көп елде тек тамақтану орындары ғана емес, қонақ үйлер де жабық. Біреулер бұл дағдарыстан шығу үшін қызметкерлерін қысқартып, қолдан келгенін істеп жатса, біреулері мүлде жұмысын тоқтатқан. Сөйтіп былтыр Испанияда 500-ге жуық қонақ үй өзін банкрот деп жариялады. Көбі шетелдік туристерді қабылдайтын. Алайда пандемия салдарынан саяхатшылар азайды. Қалған мейманханалар ішкі туризмге үлкен үміт артады. Бірақ бұл жеткіліксіз екенін айтады. Енді испандық қонақ үй иелері ереуіл ұйымдастырып, биліктен көмек сұрамақ.

1033 қонақ үй мен мейрамхана жабылып қалды

Индонезияда да осындай жағдай. Мұнда пандемия салдарынан мыңнан аса қонақ үй мен мейрамхана жұмысын тоқтатты. Жергілікті биліктің хабаралуынша, мұнда былтыр қазаннан бері әр ай сайын 150-ге дейін тамақтану орны жабылып жатыр. Негізі мұнда шетелдік демалушыларды қабылдауға қатысты шектеу 8 ақпанда аяқталған. Қонақ үйлер мен мейрамханалардың жұмысына тыйым салынған жоқ. Бірақ ішкі туризмнен көп пайда түспейді дейді кәсіпкерлер. Осы ретте билік халықаралық туризмді қалпына келтіруді көздейді. Әсіресе Бали аралына көп үміт артып отыр.

Ал ойын-сауық индустриясындағы ең ірі компаниялардың бірі – Disney анимациялық студияларының бірін жабатын болды. Бәріне сол баяғы коронавирус себеп. Бұл студия 1987 жылы ашылған екен. Мұнда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Енді олардың екі қолға бір күрек таппай қалуы әбден мүмкін. Алайда басшылық қазір бұл қызметкерлерді басқа бөлімдерге ауыстыру жағын қарастырып жатқанын жеткізді.

Жұлдыз Атагельдиева