Түркия мектептері ашыла бастады

Түркия осымен екінші рет қалыпты өмірге орала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа жоспар бойынша, елде барлық мектептер ашылып, дәстүрлі білім беруге көшпек. Бір жылға жуық қашықтан білім берген орындар қандай жүйені таңдайды? Елдегі 18 миллион оқушы түгелі мектепке бара ма?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түрік мектептерінде араға бір жыл салып, алғашқы қоңырау мектеп қабырғасында сыңғырлады. Оқушылар бұл күнді асыға күтті. Дегенмен, елде қауіпті індетті жұқтырғандар саны әлі де дендеп тұр. Сондықтан бірқатар аймақтарда оқу жылы аралас форматта жалғасады. Ұлттық білім беру министрлігінің қабылдаған ережесіне сәйкес, мектептегі дәрістердің ұзақтығы 30 минут. Ал, үзіліс 10 минуттан аспауы тиіс.

81 провинциядағы бастауыш сыныптар аптасына екі күн мектеп қабырғасында оқиды. Офлайн оқытылатын сабақтардың тізімі бекітілген. Негізгі гуманитарлық сабақтар сыныпта өтуі тиіс. Ал, эпидемологиялық жағдайы дендеп тұрған аймақтарда қашықтан оқыту жалғасады. Түрік үкіметі мектептерде оқытуды қатаң бақылайды.

Асуман Акюрек, мұғалім:

- Қашықтан білім беру бізді қатты шаршатты. Себебі, әрбір оқушының қабылдау деңгейі әртүрлі. Жауапкершілік біз бен ата-аналарға жүктелді. Міне, бүгін оқушылардың мектепке бастағанына екінші күн. Көптеген тақырыптарда арта қалғанымызға куә болып отырмын. Әрине, бұл кезең оңайға соқпайды. Оқушылардың сақтық шараларын сақтауын үнемі қадағалап отыру қажет. Масканың өзі бізге ауырлық.

Берке Әметбек, оқушы:

- Бір жылдан бері онлайн оқып жүрдім. Қатты зерігетінмін. Сыртқа шыға алмайсың. Тақырыпты толық түсіне алмайсың. Интернет те әлсіз. Оқуға келіп, бұлардың бәрін ұмыттым. Достарыммен ойнап, бірге оқудың өзі бір қуаныш.

Зейнеп Сүдедоған, оқушы:

- Оқуымыздың басталғанына қуаныштымын. Мектепте оқудың өзі басқаша сезім екен. Білмеген сұрақтарымды мұғалімнен тікелей сұрай аламын. Үзілістерде достарыммен ойнаймын.

Ал, мұғалімдерге коронавирусқа қарсы екпе егу ақпанның соңында басталған. Ұлттық білім беру министрінің айтуынша, ұстаздардың тізімі денсаулық сақтау министрлігіне берілген. Бірінші кезекте дәстүрлі білім беруге көшкен мектептердің мұғалімдеріне вакцина салынуы тиіс.

Зия Селжук, Ұлттық білім беру министрі:

- Мұғалімдерімізге екпе егу басталды. Әрбір ұстазға қарасты халық денсаулық сақтау орталықтарында вакцина салынады. Үдерісті екпенің дозасына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жасайды. Білім беру министрлігі ретінде 1 миллион 259 мың кісінің тізімін жолдадық.

Елде дәстүрлі форматта білім беруге барлық оқу ордалары дайын емес. Министрлік оларға 8 наурызға дейін сақадай сай болуға уақыт берді. Әзірге оқушылардың мектепке баруы міндетті емес. Қалаған бала қашықтан, яки офлайн режимде білім ала алады.

Авторв: Меруерт Қанағат