Қытай жергілікті вакцинаны еккен шетелдіктерге виза беру шарттарын жеңілдетті

Қытай билігі коронавирусқа қарсы жергілікті вакцинаны еккен шетелдіктерге виза беру шарттарын жеңілдетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы елдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі хабарлады. Дегенмен нуклеин қышқылдары мен антиденелерге тест тапсыру және Қытайға келісімен карантин өту талаптары әлі сақталған.

Қытайда вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 65 миллионнан аса адамға екпе егілген. Елде төрт түрлі препарат қолданылып жатыр. Біреуі векторлық, ал қалған үшеуі – инактивті вакцина. 

Ван Цзюньчжи, Қытай инженерлік академияның академигі:

– Инактивті вакцина бір жағынан уақыт сынағынан өткен дәстүрлі әрі заманауи препарат болып табылады. Ондайда тұтас бір вирусты сан алуан химикаттармен зиянсыз қылады да, белсенділігін төмендетеді. Бұл екпенің түрі тоңазытқыш немесе арнайы жүк тасымалдау талаптарын қажет етпейді. Олар дәрігердің кеңсесінде ұзақ сақталады және тұрақты болады. Алайда осы әдістің артықшылығымен қатар, өзіндік қиыншылығы да бар. Вирустарды өсіріп, инактивация жасау үшін ұзақ уақыт қажет. Ал векторлық вакцинада аденовирустарға коронавирустың бір ғана бөлшегін қосады. Бұл екпені қысқа мерзімде әзірлеуге болады. Бағасы да төмен.

Қытайда қазір 17 вакцина клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Жергілікті билік өндірісті одан әрі ұлғайтуға ниетті. Себебі ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды дейді олар.

Ван Хуацин, мемлекеттік иммундау бағдарламасының бас маманы:

– Екпенің тиімділігі – оны ектірген азаматтардың саны ұжымдық иммунитетті қалыптастырады. Мәселен, шешек ауруын жеңу үшін адамдардың 85 процентінде вирусқа қарсы иммунитеті болуы керек.

Айта кетейік, Қытай әлемде бірінші болып вакцина төлқұжаттарын беру бағдарламасын іске қосты. Коронавирусқа қарсы жергілікті екпе алған шетелдіктерге, бүгінде виза алу процесі жеңілдетілген.

Әнел Еділқызы, Ботагөз Сырғабаева