Джо Байден билікке келгелі не өзгерді?

АҚШ президенті Джо Байденнің қызметке кіріскеніне 2 айдай уақыт болып қалды.

Ақ үй басшысы сайланарға дейін бірсыдыра уәде берген болатын. Бір қызығы, Байденнің атқарған ісіне бағаны қоғам емес, биліктің өзі беруде. Есебі дәл келе бастаған президент әкімшілігінің әзірге ұпайы түгел.

Ақ үй басшысының ауыз толтырып айтар жетістігінің бірі әрі бірегейі – вакциналау. Таққа отырғанына 58 күн болған Джо Байден арық сөйлеп семіз шығуда. Қазір тұрғындарға күніне 2,5 миллиондай доза егіліп жатыр. Бүгінге дейін 99 миллионнан астам доза салынған. Сөйтіп, Байден 100 миллион доза вакцина егеміз деген жоспарын белгіленген мерзімнен 1,5 ай бұрын орындағалы отыр.

Джо Байден, АҚШ президенті

- Біз мына індетті түбегейлі жеңбейінше, тоқтамаймыз. Алдағы аптада екпе салдыру бойынша келесі мақсатты жариялаймын. Болашаққа үлкен үмітпен қарасақ та, босаңсуға жол жоқ. Барлық америкалықтарды атсалысуға шақырамын.

Байденнің екінші үлкен бағдарламасы ковидтік дағдарысқа қарсы бағытталған. Жоба құны аз емес, 1 триллион 900 миллиард доллар тұрады. Оның 400 миллиарды коронавируспен күреске, 1 триллиондайы дағдарысқа ұшыраған тұрғындарды қолдауға және қалған қаражат экономиканы көтеруге жұмсалмақ. «Рейтер» агенттігінің мәліметі бойынша індет кезінде 9,5 миллион америкалық мүлде жұмыссыз қалған. Байден әр азаматқа 1400 доллардан өтемақы төлеуге сөз берген. Ол бұл уәдесін осы айда орындайтынына сенімді. Себебі аталған заң жобасын Конгресстегі қос палата да мақұлдап үлгерді.

Джером Пауэлл, АҚШ-тың федералдық қор жүйесінің басшысы:

- Ақпанда жұмыссыздық деңгейі 6,2%-ке өсті. Бұған себеп – індет пен шектеулер кезінде еңбек нарығында сұраныстың аз болып тұрғаны. Бірақ болашақта жұмыссыздар қатары кемиді деген үміт бар. Жұмыссыздық деңгейі биылғы жылдың аяғына дейін 4,5%, ал 2023 жылдың соңына қарай 3,5%ке төмендейді деп болжаймыз.

Вакциналау мен ақшалай көмек берудің маңызы қазір кез келген қоғам үшін өзекті. Себебі жаппай екпе салдырған елде жүріс-тұрыс пен алыс-беріс толық қалпына келеді. Бұл нарыққа жан бітіріп, экономикаға қан жүгіртеді. Әрине 4 жылға сайланған АҚШ президентінің жұмысына баға беру үшін 58 күн жеткіліксіз. «Демократиялық» деген айдар тағылған қоғам әзірге Байденнің әр уәдесіне іштен тынып, зор үмітпен қарап отырғандай. Сондықтан сарапшылар «әліптің артын баққан дұрыс» деп пайымдайды.

Авторы: Ернат Мелсұлы