Польшада коронавируске қарсы жаңа шектеулер жарияланды

Бүгіннің өзінде 34 мың 151 адам індет жұқтырған. Бұл бір тәулікте тіркелген рекордты көрсеткіш. Оның үстіне елде келесі аптаның сенбісінде Пасха діни мейрамы тойланады.

Сондықтан премьер-министр Матеуш Моравецкий мереке қарсаңында 2 аптаға локдаун енгізуді дұрыс деп есептейтінін мәлімдеді. Яғни 27 наурыздан бастап жарты ай бойы балабақшалар, шаштараздар жабылып, шіркеуге баруға шектеу қойылады. Ал спорт орталықтары тек кәсіби атлеттерді ғана қабылдайды. Егер жағдай 2-3 аптада оңалмаса, онда Польшаның оңтүстік шекарасындағы аймақта міндетті карантин енгізілмек.

Матеуш Моравецкий, Польша премьер-министрі:

- Қазір Польша 13 ай бұрын індет басталғалы болмаған ең қиын жағдайға тап болды. Адал әрі ашығын айтайық. Жағдайдың ушыққаны соншалық, денсаулық сақтау саласы шатқаяқтап тұр. Бұлай бетімен жіберсек, науқастар емсіз, қараусыз қалатын түрі бар. Сондықтан жағдайды тез арада қолға алуымыз керек.