Оңтүстік Корея мен Назарбаев университетінің ғалымдары жемқорлыққа қарсы технология жасап жатыр

Жолдың жарамдылық мерзімін ұзарту әрі жемқорлықты азайтатын технология жасау. Оңтүстік Корея және Назарбаев университетінің ғалымдары бірлесіп осындай пилоттық жобаны қолға алған.

Ауыр жүк таситын көліктер жолдың сапасына әсер етеді. Көптеген елде машина салмағы белгіленген мөлшерден асып кетсе, айыппұл қарастырылған. Елімізде жүк машиналары көліктік бақылау инспекциясының бекеттерінде тексеріледі.

Дастан Сарбасов, бірлескен кәсіпорынның директоры:

– Жүк көлігін көліктік инспекция бақылайды, бірақ бұл тиімсіз. Ең алдымен көлік ағынының қарқындылығы мен арнайы өлшеу құралдарының жетіспеушілігіне байланысты. Әр түрлі сыбайласқан жемқорлық схемалары да бар.

Оңтүстік Кореяда жүргізуші тексеру органдарының қызметкерлерімен кездеспейді. Көліктің салмағы тек ақылы магистральдардың өткізу пунктерінде сағатына шамамен 10 шақырым жылдамдықпен жүргенде өлшенеді. Басқа жолдарда шамадан тыс жүк артып, жолға шыққан көліктер әлі кездеседі. Енді жаңа технологияның көмегімен автомобиль сағатына 60 шақырымнан астам жылдамдықпен келе жатса да, оның салмағын білуге болады.

Владислав Цой, тілші:

– Жүк көліктерінің салмағы 44 тоннадан аспауы керек. Егер асса, машинаның нөмері арқылы иесінің ұялы телефон нөмері анықталып, sms арқылы хабарлама жіберіледі.

Осыдан 4 жыл бұрын жүк көліктерін өлшейтін қондырғы Нұр-Сұлтан қаласының маңына орнатылған. Елорданың аязынан қорғайтын жабдықтың көмегімен 10 градус температурада сақталды. Қондырғыны тестілеу сәтті өтті, бірақ әлі пайдалануға берілген жоқ. Ал сынақ нәтижелері қалаға кіретін жүк көліктерінің салмағы 7 процентке шамадан тыс екенін көрсетті.

Ким Джон У, компания президенті:

– Біздің Қазақстандағы жобамыз Назарбаев университетімен бірге жүргізілген зерттеулерге негізделген. Біз сенсорларға және салмақ өлшеміне жауап береміз. Ал Назарбаев университеті Нұр-Сұлтандағыдай төмен температурада ұзақ уақыт жұмыс істей алатын технологияларды зерттейді.

Жоғары жылдамдықпен жүретін жүк көліктерінің салмағын өлшейтін пилоттық жоба Йосу қаласында басталып, бүкіл елге таратылады. Ол үшін заңдарға өзгерістер енгізіледі. Екі жылдан кейін оңтүстіккореялық жолдарға жүздеген өлшеуіш қондырғылар орнату жоспарланып отыр.

Владислав Цой, Ольга Лян