Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс қайта басталды

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс қайта басталды

Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтері қақтығысты тоқтату туралы келісімге келгеніне қарамастан шекарада қайта атыс басталды, деп хабарлайды Қырғызстанның K.J. ақпараттық порталы.

Мәліметке қарағанда, атыс Арка, Доштык және Жаштык ауылдарында жүруде. Баткен ауданының Коктерек ауылында 17 үй жанып кетті. Тағы бірнеше мекенде үйлер мен жанармай бекеттері отқа оранған. Лейлек ауданынан 13,5 мың адам эвакуацияланған.

Еске сала кетейік, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс сәуірдің 28-і күні Баткен ауданының Көкташ ауылында суды бөлу бекетінде туған еді. Жергілікті тұрғындар Тәжік сарбаздарынан су тарататын бекетте орнатылған бейнебақылау камерасын алып тастауды талап еткен. Екі жақ тіл табыса алмай бір-біріне тас лақтырып соңы қарулы қақтығысқа ұласады. Сарапшылардың айтуынша, Қырғыз-тәжікке ортақ шекараның 450-дей шақырымы белгіленбеген. 1980 жылғы екіжақты келісімге сәйкес, тарату бекетіндегі су қорының 37%-і Қырғызстанға, 63%-і Тәжікстанға тиесілі. Шекараның нақтыланбауы мен суға талас екі ел арасында осындай қақтығыс тудырып келеді.