Crew Dragon кемесі төрт адаммен Жерге оралды

Халықаралық ғарыш станциясынан төрт астронавтпен ұшып шыққан Crew Dragon Мексика шығанағына қонды.

Бұл туралы NASA-ның Twitter -дегі ресми аккаунтында хабарланды.

Ғарышкерлер Виктор Гловер, Майкл Хопкинс, Шэннон Уокер және Соити Ногути халықаралық ғарыш станциясындағы (ХҒС) жарты жылдық ғылыми миссиядан кейін Жерге оралды. Crew Dragon ғарыш кемесі Мексика шығанағында, Флорида штатының Панама-сити қаласы маңында суға қонды.

Еске сала кетсек, астронавттар Crew Dragon кемесімен ХҒС-қа 2020 жылғы қарашада алғашқы жұмыс рейсімен аттанған болатын.

Кеме 15 қараша күні сағат 19:27-де АҚШ-тың шығыс жағалауындағы Флорида штатының Канаверал ғарыш айлағынан ұшырылған.