424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайдың Хэнань провинциясында төтенше жағдай жарияланды

  • 63
  • UPD: 17:54, 21.07.2021

Қытайдың орталық өңірін топан су басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хэнань провинциясында төтенше жағдай жарияланды. Қапылыста опат болғандар да бар. Соңғы дерек бойынша 25 адам көз жұмып, 7-еуі жоғалып кеткен. Әсіресе Чжэнчжоу қаласындағы жағдай күрделі. Мұнда метроны су басып, жолаушылар пойыз ішінде қамалып қалды. Одан бөлек шаһардың іргесіндегі бөгетті де су бұзып кеткен.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Бұл – метро жолаушылары. Олар пойыз ішінде кеудесінен келетін суда тұр. Құтқарушылар 500-ге жуығын эвакуациялаған. Алайда өкінішке қарай, ондағаны көз жұмды.

Жолаушы:

- Құтқарушылар келгенше әрең шыдадық. Сүйеніштерге ұстанып тұрдық. Міне, соның салдарынан қолым көгеріп қалды. Сүйеніштер болмаса, су бізді ағызып әкетер еді.

Метроны су басқаннан бөлек, осы Чжэнчжоу қаласының маңындағы су бөгеті бұзылған. Аймақта төтенше жағдай жарияланды. Құтқару операциясына 6 мыңнан аса маман тартылған. Көшедегі судың көптігіне байланысты олар қалада қайықпен қатынауға мәжбүр. Жергілікті әуежай уақытша рейстерді қабылдауын тоқтатқан. Жалпы осы Чжэнчжоу қаласы орналасқан Хэнань провинциясында табиғат апатынан 280 мың адам жапа шеккен. Топан су шамамен 20 мың гектек егіс алқабын жайпап өтті.

Чжао Лицзянь, Қытай СІМ ресми өкілі:

- Хэнань провинциясының көп бөлігінде нөсер толастамай тұр. Салдарынан бірнеше қаланы су басты. Өңірге әскери полиция қызметкерлері мен сарбаздар жіберілді. Түрлі кәсіпорындар аймаққа қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Қытай билігі үшін ең бастысы адамдардың амандығы. Бұл тек жергілікті тұрғындар ғана емес, елде жүрген шетелдіктерге де қатысты. Қолда бар мәлімет бойынша су тасқынынан көз жұмғандар мен жарақат алғандар арасында шетел азаматтары жоқ.

Табиғат апатына өткен аптаның соңынан бері толастамай жауған нөсер себеп. Осыған байланысты мамандар қауіптіліктің ең жоғары деңгейін жариялаған. Қатты зардап шеккен Чжэнчжоу қаласында жауын-шашынның рекордық мөлшері түскен. Кейбір аудан тұрғындары жарық пен сусыз отыр. Соңғы дерек бойынша Хэнань провинциясында 160 мың адам эвакуацияланды. Ал синоптиктер нөсер әлі де басылмайтынын ескертіп отыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы