Қытай коронавирустың шығу тегін екінші рет зерттеу туралы шешімге қарсы

Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирустың жаңа түрінің шығу тегін екінші рет зерттеу туралы жоспарын ақылға сыйымсыз және ғылымға қайшы деп айыптады.

Бұл мәлімдеме Бейжіңде арнайы өткен баспасөз мәслихатында жасалды. Естеріңізге сала кетейік, осының алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры «коронавирустың қайдан шыққанын қайта зерттеу керек және Қытай билігінен ашықтық күтеміз» деп мәлімдеп, індеттің зертханадан таралғанын жоққа шығарматынын айтқан болатын. Қытай тарапы өз кезегінде бұл жағдайды саясиландырмай, мәселеге ғылыми тұрғыда қарауды және зерттеуді әлемнің бірнеше аймағы мен елінде жүргізуді ұсынды.

Цзэн Исинь, ҚХР Денсаулық сақтау комитеті басшысының орынбасары: 

- Уханьдағы Вирусология институтының бірден бір қызметкері немесе аспиранты коронавирустың жаңа типіне шалдыққан емес. Ухань институты коронавирусқа байланысты ешқандай зерттеу жүргізген жоқ. Жасанды вирус деген жоқ. Сонда індет таралатындай зертхана ережесі бұзылды деген қайдан шықты? Бұл пікір қисынға келмейді және ғылымға да кереғар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары өз аяғымен келіп, зерттеу жүргізіп, вирустың зертханадан шығуы мүмкін деген тұжырымды жоққа шығарып кетті. Барлығы Ұйым таңдап алған беделді, тәжірибелі мамандар. Сондықтан екінші рет зерттеу жүргізу керек деген ұсыныс дұрыс емес. Біз ондай жоспарды қабылдай алмаймыз.