Түркияда топан судан кейін орман өртеніп жатыр

Түркияда топан судан кейін орман өртеніп жатыр

Елдің Хатай мен Измир провинцияларындағы ормандық алқапта өрт шықты. Қызыл жалынның не себепті шыққаны белгісіз.

Ал осыдан бірер апта бұрын елдің курорттық аймағы Мармаристе өрт салды деген күдікті ұсталды. Жергілікті билік бұл да өртке адам баласының абайсыздығы немесе қаскүнемдігі себеп болуы мүмкін деп отыр. Сондай-ақ бұл аптада аптап ыстық орнады. Бірер күн бұрын елдің Шырнак провинциясында сынап бағанасы 49,1 градусты көрсеткен. Мамандар, алдағы күндерде тұрғындарды сақ болуға шақырып отыр.

Түркияның Ризе мен Артвин провинциясында сел жүріп, бір кісі із-түзсіз жоғалды. 400-ден астам үй мен жұмыс орны су астында қалды. Селдің қатты болғаны соншалық ондаған көлік пен ағаштарды ағызып әкеткен. Тасқыннан тас жолдар қирап, үш мыңнан астам тұрғын жарықсыз қалған. Бір ғана Архави ауданында 30 елді мекен мен 19 жайлауды толық су басқан. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар тобы жүр. Топ үрмелі қайықпен 200-ден астам кісіні эвакуациялады. Еске сала кетсек, осыдан 9 күн бұрын аймақта сел жүріп, лай көшкіні болған. Салдарынан 6 кісі қаза тауып, 2 кісі жоғалған.

Сулеман Сойлу, Түркия ішкі істер министрі:

- Қуантарлық жағдай, ешкім қаза тапқан жоқ. 1-2 кісі жарақат алды. Бірақ аурухананың бірінші қабатын су басты. Ондағы кісіні эвакуацияладық. Жедел жәрдем жұмысын жалғастыруда. Төтенше жағдайлар қызметі осы аймақта жүр.