Германия астанасында қоқыссыз жұмыс істейтін мейрамхана ашылған

Германия астанасында қоқыссыз жұмыс істейтін мейрамхана ашылған

Германия астанасында қоқыссыз жұмыс істейтін мейрамхана бар. Мұндағылар пластик ыдыс пен қаптамаларды мүлде қолданбайды.

Мейрамхананың басты қағидаты – қоршаған ортаға зиян келтірмей, меймандардың көңілінен шығу. Бір қарағанда бұл тағамдардың еш ерекшелігі жоқ. Бірақ оны дайындағанда қалдық қалмайды екен. Яғни азық-түлік түгел жаратылады. Мысалға, картоп қабығынан чипстер әзірленеді. Ас дайындау бөлмесіне көкөніс пен жеміс-жидек қаптамасыз жеткізіледі. Жәшіктер фермерлерге бірден қайтарылады. 

Давид Сухи, мейрамхана иесі:

Мейрамханамызда осы сурет ілулі тұр. Бұл мұндағы жалғыз пластик. Қоқысты нығыздап, осы суретті жасап шығардық. Салмағы он бес келі.

Мұндағы тағамдар етсіз әзірленеді. Әр өнім бірегей. Ал көпті көрген Берлин тұрғындарын жалықтырмау үшін бірнеше аптада ас мәзірі толығымен өзгертіліп тұрады. Меймандардың көңілінен шығып жатыр. Ашылғанына екі жыл болса да, өз санатындағы үздік бес мейрамханаға айналған.  

Яир Франко, бас аспазшы:

Аспаз ретінде мен үшін бұл нағыз сынақ. Өйткені асты тек көкөністен дайындайтындықтан, мен түрлі жаңа тағамдар жасауға тырысамын. Бұл өте қызық!

Давид Сухи, мейрамхана иесі:

Көкөністің түр-түрін ауыстырып, дәмінің қанығын зерттеп, тағамдар рецептісін өзіміз ойлап таптық. Қонақтарымыз өмірінде осындай дәм татпағанын жиі айтады. Қазақстанда көбіне ет жейтінін білемін. Бірақ қазақстандықтарды жаңа тағамдармен қызықтыруға тырысар едім. Вау, көкөніс те дәмді болады екен дейтінлеріне сенемін. 

Давид Сухи, мейрамхана иесі:

Бұл компост машинамыз. Қалдықтарды осында тастаймыз. Ішінде арнайы бактериялар бар және белгілі температураны ұстап тұрады. 24 сағатта бәрі тыңайтқышқа айналады.

Енді Давид қалдықсыз жұмыс істейтін наубайхана ашуды көздеп отыр. Осылайша ол өзгелерге қоршаған ортаға зиян келтірмей кәсіп жүргізудің үлгісін көрсетпек.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский