Түркияның Мугла провинциясында орман өрті дес бермей тұр

Қазір аймақта 3 өрт ошағы ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құтқарушылар елді мекен тұрғындарын эвакуациялауға кірісті. Кей жерлерде адамдар лаулаған қызыл жалыннан аман қалу үшін жағажайға қарай қашып құтылуда. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, тілсіз жаумен күресте ондаған маман арнайы техника мен авиация жұмылдырылды. Жергілікті билік 12 күннің ішінде құтқарушылар 47 ауданда 250-ге жуық өрттің сөндірілгенін айтады. Алайда қауіп әлі де жоғары. Табиғат апатынан күні бүгінге дейін 8 адам қаза тапқан. Тағы 800-ден астамы жарақат алды. Жергілікті билік өрттен зардап шеккен жасыл желек қалпына келтіріледі деп уәде етіп отыр.