Калифорния билігі мұғалімдерді коронавирусқа қарсы вакцина алуға міндеттеді

Калифорния билігі мұғалімдерді коронавирусқа қарсы вакцина алуға міндеттеді

Ал егер әлдекімдер одан бас тартатын болса, апта сайын теріс нәтижелі ПТР тест анықтамасын ұсынулары тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шенеуніктердің сөзінше, бұл – мектептерді ашық қалдырудың жалғыз жолы. Айта кетейік, Америкада өткен тәулікте 120 мыңнан астам вирус жұқтыру дерегі тіркелді. Дені Дельтамен байланысты.

Гэвин Ньюсом, Калифорния губернаторы:

– Мектеп пен штат стратегиясы бірдей болуы үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз – мектеп қызметкерлері түгел екпе алған өңір атану.

Өз кезегінде калифорниялық ата-аналар мектептегі маска режиміне қарсылық танытып, штат билігін сотқа берді. Айтуларынша, қорғаныш құралы балалардың сабақ оқуына кедергі келтіреді. Сондықтан бұл ережені алып тастау керек дейді олар. Алайда денсаулық сақтау министрлігі 12 жасқа дейінгі балалар вакцина ала бастағанда ғана маскасыз жүруге рұқсат етілетінін айтады. Болжам бойынша осы санаттағы азаматтарға вакцина егу тамыздың соңында рұқсат етілуі мүмкін.

Анна Фуско, мұғалімдер кәсіподағының төрайымы:

– Біз балалардың қауіпсіздікте болғанын қалаймыз. Вирустың кесірінен бірнеше оқушыдан айырылып қалдық. Міне, сол үшін билік осындай шара қабылдап жатыр. Ата-аналар жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінулері керек.