Талибан Ауғанстанның 90% иелік етті

Талибан Ауғанстанның 90% иелік етті

Талибан Жалалабад қаласын басып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Содырлар шығыстағы Пәкістанмен шектесетін Нангархар провинциясының орталығына соғыссыз кірген. Осының алдында ғана тәліптер солтүстіктегі Мазари-Шариф қаласына бақылау орнатқан болатын. Бұл осы мемлекеттегі көлемі жағынан ірі төртінші шаһар әрі Балх провинциясының орталығы. Мұнда үкімет әскері соғыспай беріле салған. Осылайша тәліптер ел аумағының 90 процентіне иелік етті. Қазір Үкіметтің бақылауында ел астанасы Кабул ғана қалды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев басқаратын дипломатиялық миссия Кабулдағы жұмысын жалғастырып жатыр. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қазақ елшілігінде шектеулі құрам қалған. Қызметкерлердің біраз бөлігі қауіпсіздік мақсатында дипмиссия ғимаратына бармай отыр.

Рамиш Салеми, аналитик:

– АҚШ президенті Байден әскерін алып кетемін деген сәттен бастап Талибан шабуылды бірден күшейтті. Ауғанстандағы соғыстың себеп-салдары өте күрделі. Адамның қаны суша төгіліп жатыр. Бұл қырғын 40 жылдан бері жалғасып келеді. Сыртқы алпауыт күштердің ауған жеріндегі тартысы азаматтық соғысқа ұласты. Ауғанстанның стратегиялық мүдделердің түйіскен жерінде, оның ішінде Орталық Азияда орналасқаны өзіне сор болып тұр. Менің ойымша, елдің тағдырын ауған халқы жан-жақты келіссөздер арқылы өз қолына алуы тиіс. Бұл – ішкі мәселе.