Қырғызстанда сарапшылар тексеруінен кейін QazVac қолданыла бастайды

Қырғызстанда екпе салдыруға тиіс азаматтардың 25 проценті вакциналанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулық сақтау өкілдерінің мәлімдеуінше, препараттар туралы теріс әрі тексерілмеген ақпарат таратылмаса, екпе салдырғандардың саны одан да жоғары болар еді. Ал осы кезде қырғыз дәрігерлері QazVac вакцинасын қолдануға дайын. Олар сарапшылардың тәуелсіз комитетінің нұсқауларын күтіп отыр.

Елде жаппай вакциналау басталғалы бері 586 мың адам екпе салдырды. Бұл вакцина алуы міндетті халықтың төрттен бір бөлігі. Әсіресе оңтүстік өңірдің тұрғындары белсенді. Медицина қызметкерлері мен билікке жұрттың сенімі көп болса, вакциналау қарқыны үдейе түсер еді дейді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.

Алымкадыр Бейшеналиев, Қырғызстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

– Кейбір аудан елдегі орташа көрсеткіштерден артта келеді. Вакциналау бойынша ақпараттық қолдауды күшейтуге тиіспіз. Бұл жұмысымызды тоқтатсақ, екпелерге қарсы түрлі жалған мәлімет тарай бастайды. Ал бұл ұлттық вакциналау науқанымызға кедергі келтіреді. 

Қырғызстанға ресейлік Спутник V, еуропалық АстраЗенека, қытайлық Синофарм және қазақстандық QazVac вакциналары жеткізілді. Ресейлік пен қытайлық препараттар бүкіл ел аумағында қолданылып келеді. Ең кең тарағаны және қолжетімдісі – Синофарм препараты. Оны тіпті әуежайға ұшып келгенде салдыруға болады. Ал 56 жауынгерде қатты жанама әсері байқалғаннан кейін АстраЗенеканы қолдануды уақытша тоқтатты. QazVac тексерудің соңғы сатысын өтіп жатыр. 

Гүлбара Ишенапысова, республикалық иммунопрофилактика орталығының директоры:

– Біздің дәрі-дәрмектер департаменті ұсынылған барлық құжатты қарастырып жатыр және жетіспей жатқан құжаттарды сұрап үлгердік. Сондай-ақ бұл вакцинаны сарапшылардың тәуелсіз комитеті де тексеруде, тиісті нұсқаулар алғаннан кейін бірден қолдана бастаймыз. 

Қазақстанда шығарылған вакцинаның 25 мың данасы қайырымдылық көмек ретінде шілде айының басында жеткізілді. Оның жарамдық мерзімі – 6 ай. Денсаулық сақтау министрлігінің өзі оны тезірек қолдануға мүдделі. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 70 процентін вакциналау керек.

Бақыт Чермашев