Украина екпе алған тұрғындарға электрондық ковид-сертификат береді

Украина екпе алған тұрғындарға электрондық ковид-сертификат береді

Бұл құжатты Еуропалық Одақ мойындаған. Сондықтан сертификат алған ел тұрғындары үшін Еуропа елдеріне саяхаттау жеңілдей түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украина Үкіметі ең алдымен телефондағы PlayMarket және AppStore арқылы  «Дия», яғни «Іс-әрекет» деп аударылатын мемлекеттік бағдарламаны жүктеп алуды ұсынады. Осы мобильдік бағдарлама арқылы бір аптадан кейін украиналықтарға электрондық ковид-сертификат беріле бастайды. Жалпы сандық ковид-сертификат дегеніміз – сіздің қашан және қандай екпе алғаныңыз жайлы ақпарат  беретін электрондық құжат. Сондай-ақ бұл куәлікте екпе алған не ковидпен ауырған адамның иммунитеті туралы да мәлімет жазылады.

Михаил Федоров, Украинаның вице-премьер-министрі және цифрлық трансформация министрі:

- Еуропалық Одақтың қолдауымен Украина ковид-куәлікті алу жолдарын жылдам жүзеге асырып, қысқа мерзімде мемлекеттер арасында ақпарат алмасудың сапалы тәсілін ұсынып отыр. Еропалық әріптестерімізге мұндай саяси шешімі үшін және біздің сертификатты мойындағаны үшін алғыс айтамыз.

Виктор Ляшко, Украинаның Денсаулық сақтау министрі:

- Вакцинация – өзіңді және өзгені ковид ауруынан қорғаудың ең ұтымты тәсілі. Кез келген украина тұрғыны үшін екпе алудың жолдары қарастырылған. Вакцина алғаннан кейін оны растайтын құжатты да енді телефондағы бағдарлама арқылы оңай рәсімдеуге болады. Украиналықтар үшін бұл сертификат екпе алуға қосымша ынталандырады деп сенеміз.  

Жалған құжатқа жол берілмеу үшін ковид-сертификаттың жарамдылығын QR-код арқылы тексеруге болады. Сондай-ақ халықаралық талапттар мен медициналық зерттеулерге байланысты ковид-сертификаттың жарамдылығы 180 күнге дейін ұзарған. Мұндай құжат әсіресе Еуропа елдеріне жиі қатынайтын украиналықтар үшін өте қолайлы, алайда мемлекеттің мұндай ковид-куәлігіне күмәнмен қарайтындар да бар.

Атап өту керек, ресми ақпарат бойынша бүгінгі күнге дейін Украинада 8 млн-ға жуық адам екпе алып үлгерген. Жалпыхалықтық вакциналау 24 ақпанда басталды.  Соңғы ақпарат бойынша Украинада коронавирус жұқтырғандар саны тәулігіне мың жарым адамға жуықтайды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко