Египетте туристерге арналған тағы екі қала пайда болады

Египетте туристерге арналған тағы екі қала пайда болады

Жыл соңына дейін Мысыр елінде тағы екі қала пайда болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екеуі де туристік қала. Осылайша, жергілікті билік Хургада мен Шарм-әл-Шейх қалаларындағы танымал шипажайларға бәсекелестік тудырмақ. Аталған екі қаланың бірі Каир іргесінде орналасса, екіншісі Жерорта теңізі жағалауында жайғасқан. Екі шаһардың да құрылысы толық аяқталды. Тек көлік мәселесін ғана шешу қалып тұр.

Бұл – жиһанкез аяғы әлі баспаған жағажай. Мұндағы жағалау сызығы бір жағынан аумақтық шекара рөлін атқарса, екінші жағынан шипажайдың бойтұмары іспетті. Жалпы бұл жерді жабдықтауға бас-аяғы 4 миллион доллар жұмсалған. Небәрі 4-ақ айда құрылысшылар бұл жерді тау үйінділерінен түгел тазалап шыққан. Ал осыдан екі-ақ жыл бұрын ғана Әл-Ғаляля деп аталатын жаңа қала құм мен тастың ортасында тұрған еді.

Далида Дарвиш, Египет туризм министрлігінің өкілі:

- Қала екі жылда салынды. Туризм министрлігінің бастамасымен бұл жобаға Құрылыс және архитектура министрлігінің мамандары тартылды. Олардың негізгі мақсаты жай ғана қала тұрғызып қана қоймай, оны бірегей ету болды. Ашылу рәсіміне дейін біз бар құпияны айта алмаймыз. Бірақ бір айта кетерлігі, Әл-Ғаляля желкенді спорт түрін сүйетіндердің сүйікті шипажайы атануына барлық мүмкіндігі бар.

Шипажай салуға бас-аяғы 20 миллион доллардай қаржы кеткен. Туризм министрлігі келтірген мәлімет бойынша алғашқы жылдары Әл-Ғаляля 50 мыңға дейін турист қабылдай алады. Егер жиһанкездер арасында шипажайға деген сұраныс артса, оның аумағы кеңеюі мүмкін. Қазір мұндағы нысандардың 70%-і қонақ үйлер, ойын-сауық кешендері мен дүкендер.

Хишам Гамаль, Әл-Ғаляля әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Алда атқарылуы тиіс шаруа әлі көп. Сыртқы сәндеу жұмыстарынан бастап көлік мәселесіне дейінгі проблемаларды шешу керек. Әзірге Каир мен Хургада әуежайларымен ғана келісім жасалды. Яғни, осы әуежайларға келген туристер бізге автобуспен жеткізіледі.  Бұдан бөлек, қазір Әл-Ғаляляға қатынайтын теміржол желісі мен әуе сапарын іске қосу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Ұшақ қатынасына қатысты мәселені 2023 жылға дейін шешеміз деп үміттенеміз.

Билік өкілдерінің айтуынша, Әл-Ғаляля мен жиһанкездерге арналған тағы бір қала – Әл-Аламин шаһарлары қолжетімділігімен ерекшеленеді. Яғни, көптеген қызмет бағасы мысырдағы орташа бағадан төмен болады. Осылайша, жаңа қалалар ел туризміне серпін беріп қана қоймай, ішкі бәсекелестікті арттырады деген болжам бар.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Хасан Джаниев, Амр Мурад