Қытайда Күз ортасы мерекесі басталды

Қытайда миллиондаған адам елді аралап, сапарға шықты.

Бұл – Күз ортасы мерекесі. Осы дәстүрлі мейрам Ай күнтізбесі бойынша сегізінші айдың он бесінші күніне келеді. Биыл тұрғындар осы мерекеде, үш күн демалады.

Мейрамның бірінші күні тек теміржолмен 10 миллионнан аса адам сапарға шыққан. Елдің оңтүстік-шығысында коронавирус ошақтары анықталса да, бұл жолы тұрғындарға саяхаттауға рұқсат етілді. Тек мектеп жасындағы балалары бар отбасыларға үйде қалуға нұсқаулық берілген. Ал сапарға аттанғандардың көбі қала маңына жол тартқан. Осылайша, жолаушыларды тасымалдау көрсеткіші әжептеуір арта түсті.

Чжан Бэй, қонақ үй иесі:

- Мейрамға бір ай қалғанда-ақ билеттер түгел сатылып кетті. Өзге жылдардан бір ерекшелік, биыл негізінен жергілікті тұрғындардан тапсырыс түскен.

Қытайда Күз ортасы мерекесі Жаңа жылдан кейінгі екінші маңызды мейрам. Ай күнтізбесі бойынша бұл күні астық жинау науқаны аяқталады. Мерекеде тұрғындар дәстүр бойынша толған Айға қарап, «юэбин» деп аталатын пірәніктер жейді. Пішіні домалақ «юэбин» толған Ай мен толық отбасыны білдіреді. Өйткені бұл мейрамды атап өту үшін бүкіл туған-туыс бас қосады.

Блиц 1:

- Әдетте отбасымен жиналып, дастарқан жаямыз. Мейрамды атап, Айға қараймыз.

Блиц 2:

- Достармен кездесіп, уақытты бірге өткіземіз. «Юэбин» жеуді жақсы көремін. Бірақ өте тойымды, өзіңді бақылау қажет.

Биыл ең көп билет Бейжің қаласына сатылған. Мерекеге орай мұнда америкалық ойын-сауық саябағы ашылды. Пандемияға қарамастан Қытайда ішкі тұтынуды, оның ішінде ішкі туризм саласын барынша ынталандыру шаралары жасалып жатыр. Десе де, қауіпсіздік шаралары назардан қалыс қалмаған.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Владимир Грабарь