Әлем елдері халықты ревакциналауға қалай қарайды?

Әлемнің бірқатар елінде тұрғындарға вакцинаның үшінші дозасы салына бастады. Бұл эпидемиолоиялық ахуалдың нашарлауымен байланысты. Кей мемлекеттер екпені әуелі қарт кісілерге салып көрді. Енді бірі бұл мәселені әлі талқылап жатыр.

Соңғы күндері әлемде коронавирус қайта өршіп, вирус жұқтырғандар қатары көбейіп жатыр. Тіпті, вакцина алғандардың өзі науқас деп танылып жатқан жағдайлар жетерлік. Кей ғалымдардың пайымдауынша, бұл жаңа штамдардың таралуымен байланысты. Дегенмен бір мәселе анық, адамдардың коронавирусқа қарсы иммунитеті төмендеп қалған. Осыған байланысты бірқатар мемлекетте бустерлік вакцинаны салу шаралары қолға алынған. Соның бірі – Германия. Неміс дәрігерлері екпенің үшінші дозасын әуелі 70 жастан асқан адамдарға егу керегін айтады. Ал билік өкілдері болса, вакциналау қарқынын барынша үдете  түсу қажет дегенді алға тартып отыр.

Йенс Шпан, Германия денсаулық сақтау министрі:

– Бүгінге дейін Германияда 2 миллионнан астам бустерлік доза салынған. Бұл өте аз. Тым төмен көрсеткіш. Осыған баса назар аудару керек дер едім. Бустерлік вакцинаны салу қарқынын үдету керек.

Коронавирустың төртінші толқынын тоқтату мақсатында Израильде де халыққа жаппай бустерлік вакцина ұсынылып жатыр.

Естеріңізде болса, бір кездері бұл ел вакциналау жағынан өзге мемлекеттерден оқ бойы озып, карантинді жеңілдетіп, бетпердені шешуге рұқсат берген еді. Бірақ көп ұзамай қайтадан шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болды. Себебі Дельта дертінің кесірінен вирус жұқтырғандардың саны көбейе бастады. Толықтай вакциналанғандардың өзі ауруханаға түсіп жатты. Сарапшылардың сөзінше, уақыт өте вакцинаның тиімділігі төмендей түседі екен. Осыған байланысты Израиль шілденің соңында ревакциналауды қолға алды. Сөйтіп үшінші дозаны қолдануға шешім қабылдаған әлемдегі алғашқы ел атанды. Бастапқыда Файзердің бустерлік вакцинасы тек 60 жастан асқан адамдарға егілді. Артынан 40 жастағылар да қосылды. Кейін ол мұғалімдер, медицина қызметкерлеріне де салына бастады.

Ран Балисер, Израиль үкіметі жанындағы Сovid-19 жөніндегі консультативті топтың жетекшісі:

– Иммунитеті әлсіреген азаматтар мен толықтай вакциналанғанына қарамастан қарт кісілердің ауыр халге түсуі байқалып жатқан елдерге қайта вакциналау науқанын қолға алуға кеңес беремін.

Ал Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметі жасы 50-ден асқан азаматтарға жарты жыл өте бустерлік вакцинаны егу туралы үндеу тастады. Бұдан бөлек, аталған мекеме әлеуметтік сала мамандары, дәрігерлер мен мұғалімдерге де үшінші дозаны салуға шақырды.

Өз кезегінде Америкалық мамандар Pfizer/BioNTech және Moderna вакцинасын қабылдаған азаматтарға бустерлік дозаны 6 алты айдан кейін, ал Johnson & Johnson өнімін салдырғандарға 2 айдан соң егуге кеңес берді. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы келтірген мәліметке сәйкес, бүгінге дейін 11,6 миллион адам бустерлік дозаны қабылдаған. Ал осы тұста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді? Ұйым өкілдері ревакциналауға уақытша мораторий енгізу керегін айтады. Яғни препаратты үлестіруде өзара теңдік принципін ұстану қажет. Сонда ғана пандемияны тоқтатуға болады, деген пікірде.

Сумия Сваминатан, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аға ғылыми қызметкері:

– Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша күніне 1 миллионға жуық бустерлік доза егілуде. Бұл табысы төмен елдерде салынып жатқан вакцина санынан 3 есе көп. Әл-ауқаты нашар мемлекеттерде күн сайын шамамен 330 мың доза қолданылып жатыр. Жалпы, қазіргі уақытта әлемнің 62 мемлекеті осы науқанды бастап кеткен. Тағы бірқатары бұл іске кірісуді қарастырып жатыр.

Тағы бір мәселе – вакцинаны араластыруға бола ма деген сұрақ. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі бұл істе еркіндік беріп отыр. Әр мемлекет қалай және қандай вакцина қолданытынын өзі шешеді. Мәселен, Франция Pfizer/BioNTech препаратын қабылдағандарға бустерлік вакцина ретінде Moderna-ның жарты дозасын салуға рұқсат берді. Түрлі препараттарды араластыру бойынша Американың құзырлы органдарының ұстанымы да осыған ұқсайды.