Италияда 800 мигрант құтқарылды

Италияда 800 мигрант құтқарылды

Бортында 800 мигранты бар гуманитарлық кеме Италия билігінің рұқсатымен Сицилияның портына тоқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін су көлігі бірнеше күн бойы Жерорта теңізінде жүріп қалған еді. Құтқарушылар апатқа ұшыраған қайықтардағы мигранттарды өлім аузынан аман алып қалған. Енді мамандар кемедегі кәмелет жасқа толмаған 160 баланы уақытша орталықтарға орналастырмақ. Ал ересек мигранттар карантиндік талаптарға байланысты бірнеше кемеге бөлінеді. Олардың дені Батыс Африка, Мысыр мен Марокко азаматтары. Қазір оларға тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Айта кетейік, биыл Жерорта теңізі арқылы шекара аспақ болған босқындардың саны 54 мыңдай.

Джованна Ди Бенедетто, «Балаларды құтқару» ұйымының өкілі:

– Кемеде кәмелет жасқа толмаған 160 бала бар. Олардың қаншасы ата-анасымен жүргенін әзірге білмейміз. Былтырғымен салыстырғанда биыл туыстарынсыз жолға шыққан мигрант балалар көп. Өткен жылы олардың саны 4600-дей еді, биыл 7800-ден асып жығылады. Арасында 14 жасқа толмағандар көп.