Францияда балалардың коронавирус жұқтыруы күрт артты

Францияда балалардың коронавирус жұқтыруы күрт артты

Биліктің мәлімдеуінше, кейінгі аптада 6 мен 11 жас аралығындағы бүлдіршіндердің COVID-19-ға шалдығуы 148 процентке өскен, деп хабарлайды «Хабар 24». 

11 мен 14 жас аралығындағы оқушылар арасында да дертке шалдығу көбейген. Індеттің өршуінен қазір елде 6 мыңнан аса сынып жабылған. Үкімет елде коронавирустың жаңа толқыны қарқын алғанын айтады.

Габриэль Атталь, Франция үкіметінің ресми өкілі:

- Елімізде коронавирустың бесінші толқыны байқалады. Кеше 20 мың адамнан вирус анықталды. Бұл өткен сейсенбімен салыстырғанда 60 процентке жоғары. Бұл эпидемияның жаңа қарқын алып жатқанын көрсетеді.

Нидерландта да балалардың коронавирус жұқтыруы жиілеген. Өткен аптада елде індет басталғалы 9 жасқа дейінгі балалардың ең көп дертке шалдығуы тіркелген. Салдарынан Нидерландтағы бастауыш сыныптардың үштен екісі қашықтан оқуға мәжбүр. Кей дәрігерлер індеттің өршуін болдырмас үшін Рождество демалысын созуды немесе мектептерді толық жабуды ұсынып жатыр. Мұғалімдер оқу орындарының ашық болуын қалағанмен көп қиындық барын айтады. 

Тиджс Рувер, Нидерланд мұғалімдер кәсіподағының өкілі:

- Біз мектептер ашық болып қала берсе дейміз. Бірақ індеттің өршуінен ұстаздар жетіспей көп қиындыққа тап болып отырмыз. Салдарынан мектептер жабылып жатыр.

Ресейде де індет басталғалы 5 жастан асқан балалардың коронавирус жұқтыруы 3 есе артқан. Қазір көрші мемлекетте 30 мыңнан аса бала дертке қарсы ем-дом алып жатыр. Бұған мамандар дельта штамы себеп дегенді айтады. Осыған байланысты билік ата-аналардан балаларын COVID-19-ға қарсы егуге шақырып отыр. Елде 12 мен 17 жас аралығындағы балаларға арналаған вакцина шығарылған. Сарапшылар оның қауіпсіз екенін айтады.