Бельгия билігі ревакциналау тәсілін өзгертті

Бельгия билігі ревакциналау тәсілін өзгертті

Бельгияда covid-19-дың жаңа штамы мен өзге де мутацияға ұшыраған түрлерінің таралуына байланысты ревакциналау тәртібі өзгерді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Алдағы екі аптада, үшінші дозаны алуға шақыру тек арнайы топтар мен қарттарға ғана емес, барлық тұрғындарға жіберіледі. Өңірде бір апта бұрын үшінші дозаны медицина қызметкерлері мен жасы 65-тен асқан азаматтар ғана салдыруы тиіс еді. Енді күшейткіш екпені жасы 18-ге толған тұрғындардың да егілуіне болады. Оған дельта штамының таралуы себеп. Ел үкіметі үшінші дозаны алғашқы вакцинаны салдырған уақытқа орай рұқсат етпекші. Мысалы, бір дозалы екпе алғандар күшейткіш вакцинаны 2 айдан кейін, ал «Файзер» мен «Модернаны» ектіргендер 6 айдан кейін салдырады. 

– Жаңа ғана үшінші дозаны алдым. Жалпы екпені қолдаймын. Қанша доза ал десе, сонша салдыруға дайынмын.

– Мен «Джонсон энд Джонсон» вакцинасын салдырғам. Ол бір дозалы. Бірақ неге екенін білмеймін қағазда екі доза деп көрсетілген. Қалай болғанда да үшінші дозаға шақыру күтіп отырмын.

Жалпы елдердің өзара вакцина тануы мен ревакциналау заңында айырмашылықтар бар. Сондықтан арада аздап қиындық туындап отыр дейді сарапшылар. Ал бустер бір дозалы болуы тиіс. Осы ретте дәрігерлер 2-3 апта үзілістен кейін күшейткіш дозаны салдыру адам ағзасына ауыр тиюі мүмкін деп отыр.

Вернер, Брюссель тұрғыны:

– Мен Брюссель мен Мәскеуде жұмыс істеймін. Кәсібім солай. Жарты жыл бұрын Бельгияда «Модерна» вакцинасын салдырғанмын. Бір апта бұрын Мәскеуде «Спутниктің» бірінші дозасын ектірдім. Ресейдің вакциналау туралы төлқұжатын алу үшін «Спутниктің» екінші дозасын салдыруым қажет. Ал Бельгиядағы алғашқы алған екпемнің мерзімі аяқталып, қайта егуді талап етеді. Sputnik v болса, Бельгияда танылмаған. Сондықтан кейде не істерімді білмей абдырап қаламын.

Брюссельде қазір 5 ірі вакциналау орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек аудандық және жылжымалы екпе орындары бар. Үкімет қоймаларда вакцина жеткілікті дейді. Яғни келесі жылдың наурыз айына дейін елдегі егде адамдардың басым бөлігін қайта ревакциналаудан өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов,