Түркияның туризм саласындағы табысы молайды

Түркияның туризм саласындағы табысы молайды

Арқада ел аязға тоңып, балалар мектепке бар алмай жатса, кей елдер шалқадан түсіп жағажайда жатыр. Түркия жыл соңына дейінгі есеппен 29 миллион туристі қабылдап, сектордан түсетін табысты 24 миллиард долларға арттырмақ. Бұл туралы елдің мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2021 жылға арналған туризм жоспары үкімет мүшлелерімен бірлесе отырып, қайта қаралған. Бұл ойдың оңтайлы жүзеге асуына туризм саласының мамандары да үлкен септігін тигізді. Яғни, олар пандемия кезінде кездескен қиындықтарға мойымай, тығырықтан шығудың жолын өздері табуға тырысқан

Мехмет Нури Эрсой, мәдениет және туризм министрі:

– Егер жыл басында туристік ағын 25 миллион адам және кіріс 20 миллиард доллар болады деп болжаған болсақ, кейінірек бұл тұспалымызды 28 миллион туристке және 22 миллиард доллар кіріске дейін қайта қарадық. Дегенмен, қараша барлық күткеннен асып түскенін және алда әлі желтоқсан бар екенін ескере отырып, жыл соңына дейін 29 миллион турист пен 24 миллиард доллар табыс табуды мақсат етіп отырмыз.

Түркия пандемия басталғалы ең көп коменданттық сағат енгізген елдердің бірі. 54 сектордың табыс көзіне айналған туризм бір жылдай тұралады. Дегенмен, сала мамандары үкімет енгізген «қауіпсіз туризм» ережесін бірер аптада игеріп, секторды жандандырды. Осының арқасында, Жерорта теңізінде көш бастаған Испаниядан 40%-ке көп турист қабылдады. Анталия туризм басқармасының мәліметі бойынша, курорттық мекенге табан тіреген туристер легі былтырғымен салыстырғанда 163%-ке көп.