2021 жылдың ең ірі табиғат апаттары. Экономистер шығын сомасын бағалады

2021 жылдың ең ірі табиғат апаттары. Экономистер шығын сомасын бағалады

250 миллиард доллар. Экономистер биыл табиғат апаттарынан келген шығынды осындай сомаға бағалап отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда 24 процентке көп. Мамандар тек ауқатты елдерде болған табиғат апаттарының салдарын есептеген. Кедей мемлекеттерде материалдық шығын көлемін бағалау қиынға соғып отыр.

Биыл наурызда әлем назары Суэц каналына ауды. Жүк таситын Еver Given кемесі таяз жерге тұрып қалып, жер бетіндегі ең маңызды сауда жолын бөгеп тастады. Салдарынан әлемде жүк тасымалы қымбаттап, мұнай бағасы шарықтап шыға келді. Сағат сайын жаһан экономикасы 400 миллион доллардан қағылды. «Эвә Гивннің» қайранға қаңтарылуынан тауар жеткізу тізбегі бұзылды. Өйткені теңізде кеме кептелісі пайда болды.

Биылғы жаз маусымы түрік елін әбден әбігерге салды. Елдің оңтүстігінде орман өртенді. 30 провинцияда шамамен 130 орман өрті тіркелді. НАСА ғарыш агенттігі таратқан мәлімет бойынша 136 мың гектар жасыл желек жанып кеткен. Ал солтүстікте үш бірдей провинцияны су басты. Салдарынан 59 кісі қайтыс болды. 77 адам іс-түзсіз жоғалып кетті. Селдің екпіні қатты болғаны соншалық жол бойындағы көпірді жұлып кеткен. Кейбір ауданда судың деңгейі 4 метрге дейін көтеріліп, жүздеген тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

– Табиғи апаттар біздің елде ғана болып жатқан жоқ. Мұндай жағдай әлемнің бірқатар мемлекетінде бар. АҚШ, Канада мен Германия да табиғи апаттармен күресіп жатыр. Біздің мақсатымыз – апаттың зардабын азайту. Еліміздің оңтүстігіндегі ормандардан өрт шықты, мұндай апат бұрын-соңды болмаған еді.

Грекияда да биыл соңғы 35 жылда тіркелмеген аптап орнап, арты алапат орман өртіне ұласты. Сөйтіп Олимпия, МесИния және Аттика аймақтары отқа оранды. Ал Эвбея аралындағы қызыл жалын ел тарихындағы бұрын-соңды болмаған деңгейде деп бағаланды. Өйткені өңірде бәрі күлге айналды.

Ставрос Аггелоу, жергілікті тұрғын:

– Мұнда біздің ас үйіміз болатын. Мына жерде пеш, ал мұнда тоңазтқыш орналасты. Енді олардың ешқайсысы да жоқ.

Өтіп бара жатқан жылдың жазы үнді халқы үшін де қиын болды. Елдің батысындағы Махараштра штатында соңғы 40 жылда болмаған жауын түсті. Оның соңы лай көшкіні мен су тасқынына ұласып, 200-дей азамат ажал құшты. 100-ден астамы ізім-ғайым жоғалды.

2021 жыл адамзат баласы үшін от пен судың қаһарына ұшыраған жыл болды десек артық емес шығар. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінде өрт ошақтары мен тасқын тіркеліп, тұрғындар түтінге тұншығып, су астында қалды. Бірқатар мемлекетті қуаңшылық жайлады. Олардың арасында Қазақстан да бар.  Еуроодақ қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға 200 мың еуро беретін болды.