Омикрон әлем экономикасына қауіп төндірді

Омикрон әлем экономикасына қауіп төндірді

АҚШ-та пандемия басталғалы коронавирустың таралу жылдамдығы максималдық көрсеткішке жетті. Кейінгі бір аптадағы орташа тәуліктік өсім 255 мыңға жуықтаған. Сарапшылар бұл омикронға байланысты туындаған жағдай екенін айтады. Қазір науқастар арасында тез таралатын штамды жұқтырғандардың үлесі 60 процент шамасында. Сондықтан мамандар сұмдықтың бәрі әлі алда дейді. Олар қаңтар күрделі ай болатынын болжап отыр. Яғни келесі айдағы көрсеткіштер бұдан да үлкен болуы мүмкін. Сұраныстың жоғары болуына байланысты елде қазір ПТР-тест жетіспей жатыр.

Эллис Сек, жергілікті тұрғын:

- Менде ауру белгілері байқалып отыр. Бірақ тест тапсыра алмай, әлекке түскеніме бір апта болды. Онсыз жұмысқа қайта орала алмаймын.

Францияда тәуліктік өсім 180 мыңға жуықтады

Франциядағы жағдай тіптен қиын. Сарапшылар Жаңа жылға дейін тәуліктік өсім 100 мыңнан асатынын болжаған еді. Алайда қазіргідей ахуалды ешкім күтпесе керек. Мұнда кейінгі тәулікте вирус 180 мың адамнан анықталды. Билік екпенің екінші және бустерлік доза арасындағы мерзімді 3 айға дейін қысқарту шешімін қабылдады. Алдағы уақытта вакцинаның төртінші компоненті де қажет болуы мүмкін екенін ескертеді. 

БЛИЦ

- Мен Жаңа жылды жақындарыммен қарсы аламын ба деп едім. Алайда омикрон жоспарымызды бұзды. Өйткені достарымыздың вирус жұқтырғаны белгілі болды.

- Коронавирус кесірінен биыл да Жаңа жылды әдеттегідей атап өтпейтініміз өкінішті. Мәселен, Парижде мерекелік отшашу болмайды. Алайда амал жоқ. Осыған да қанағат деп, Жаңа жылды аз адам болып жиналып қарсы аламыз.   

Еуропада антирекорд тіркеліп жатыр

Еуропаның тағы бірнеше елінде антирекорд тіркелді. Мәселен, Ұлыбританияда бір күнде вирус 130 мыңға жуық адамнан анықталды. Статистикаға Солтүстік Ирландия мен Шотландия кірмеген. Вирус Италия, Португалия мен Грекия да өрши түскен.  

Германияда ақпанда 10 млн адам жұмысқа шықпай қалуы мүмкін

Германиядағы жағдай да мәз емес. Мұнда омикрон тез тарап барады.

Сарапшылардың есептеуінше, ақпанда осы штамм салдарынан 3-тен 10 миллионға дейін қызметкер жұмысқа шықпай, карантинде болуы мүмкін. Бұл экономикаға ауыр соққы болары айтпаса да түсінікті. Пандемия кесірінен Германия бюджеті айтарлықтай азайған. Мемлекеттік қарыз 1 триллион 400 миллиард еуроға дейін артып кетті.