НАТО мен Ресей арасындағы текетірес басылар емес

НАТО мен Ресей арасындағы текетірес басылар емес

Ресей мен НАТО арасындағы текетірес басылар емес. Қазір тараптар қауіпсіздік кепілдігі бойынша келісімге келуге тырысып жатыр. Ресей жасаған ұсынысқа АҚШ пен НАТО-ның өз жауабы бар.

Украина, Грузия мен Молдовадан әскерді әкету. НАТО бас хатшысы Ресейге осындай үндеу тастады. Йенс Столтенбергтің айтуынша, солтүстікатлантикалық блоктың негізгі мақсаты – қорғанысты қамтамасыз ету. Сондықтан ядролық қару мен зымырандарды бақылау бойынша қайтадан диалог құруға шақыратынын жеткізді. Столтенберг блок күштерінің Балтық пен Қара теңіз аймақтарындағы іс-әрекеті күшейгенін де атап өтті.

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы:

– Бірнеше апта бұрын біз жедел әрекет ету күштерінің даярлығын күшейттік. НАТО күштері 5 мың сарбаздан тұрады. Қазір оларды Франция басқарып отыр. Бұдан бөлек, қосымша әскерилер де жұмылдырылды.

Өз кезегінде, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бір күн бұрын ел қауіпсіздігіне қатысты Вашингтоннан келген жазбаша жауапқа пікір білдірді. Диалог жүргізуге болатын сәттер бар, бірақ басты сұраққа жауап жоқ,– деді Сергей Лавров. Яғни, мәселе НАТО-ның шығысқа қарай кеңеймеуі, Ресейге қауіп төндіруі мүмкін қару орналастырмауы жайлы. Лавров альянстың шығысқа көз салмайтынына кепілдік бергенін еске алып, бүгінде ұйым мүшелері оны мойындағысы келмейтінін айтты.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

– Өздеріңіз білетіндей, НАТО-ның кеңеймеуі туралы әңгіме бұрыннан айтылып келеді. 90-шы жылдары НАТО шығысқа қарай бір дюймге де жылжымайтыны туралы уәде берген болатын. Жақын арада біз оларға Астана, Ыстамбұл декларациясы бойынша ресми сұрау жібереміз. Бұл жағдайда Батыстың неге мұндай позиция ұстанатынын түсіндірудің қажеті жоқ.

Парижде Украина мәселесіне қатысты «Норманд төрттігі» көшбасшыларының кеңесшілері бас қосты. Кейінгі 2 жылда алғаш рет өткен жиында Франция, Германия, Ресей мен Украина өкілдері ортақ құжатқа қол қойып, Донбастағы атысты тоқтату туралы режимді сақтауға барынша мүдделі екендерін жеткізді. Тараптар 2 аптадан кейін Берлинде қайта кездесетін болып шешті.