Террорлық ұйымдардан ұлттық қауіпсіздікке келер қауіп көп

Қазір деструктивті күштерден келер қауіп көп. Әсіресе, жылдар бойы көзге түспей бой тасалап, ұрымтал тұсты күтетін жасырын ұйымдар ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Қырғыз сарапшыларының дені осылай дейді. Бауырлас елдегі ахуал қандай?

Орталық Азия халықаралық террорлық ұйымдар мықтап орналасқан өңірге айналып барады. Аймақтағы кез келген елде қоныс аударушыларға арналған либералды заңнама мен демократиялық азаматтық бостандық бар. Осы орайда радикалды бағыттағы күштердің енуі мен олардың күш алуы қауіпке айналды. Қырғыз сарапшылары террорлық топтардың деструктивті әрекеттері көбінесе ішкі саяси және әлуметтік мәселелердің ушығуы кезінде байқалатынын айтады.

 Алия Молдокеева, Қырғызстан халықаралық университетінің доценті:

– Жұмсақ күштер білім беру саласын қаржыландыру, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру сияқты әрекеттерді қолға алады. Одан мықты күштер соғыс, қарулы қақтығыс сияқты әрекеттерге барады. Ал «ұйқыдағы ұяшықтар» - сыртқы күштер. Олар әйтеуір кәдеге жарап қалады-ау деген үмітпен ұйымдастырылады.

Шам және ауған жеріне Орталық Азия елдерінен аттанғандар көп. Бұл аздай, Сирия мен Ауғанстандағы қарулы қақтығыстарға қатысқан жауынгерлерді реабилитациядан өткізетін арнайы мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Әрине, елге оралғандардың барлығын бірдей бақылауда ұстау өте қиын. Сондықтан «ұйқыдағы лаңкестік топтарға» негізінен дәл осындай адамдар тартылады.

Алик Орозов, Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы:

– Ұйқыдағы ұяшықтар – ықпал етудің күшті құралы. Олар тек бұйрық күтеді. Яғни алдын ала әзірленген нұсқаулық бойынша не істеу керек екенін біледі. Тек бұйрық күтеді. Сондықтан оларға деген негізгі геосаяси ойыншылардың арнайы қызметінің қызығушылығы жоғары.  

Қырғыстан сарапшылары «ұйқыдағы топтар» деген терминді «жасырын мониторинг» деген терминге ауыстыру керек дейді. Радикалды ағымдардың жақтастары мен халықаралық террорлық ұйымдардың мүшелері мемлекеттік басқарудың осал тұстары мен аймақтық текетірестерді үнемі назарда ұстап, ақпарат жинайды. Оны болашақта жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдаланады. Сондықтан сарапшылар экстремистердің әрекетін алдын алу үшін бақылауды күшейту керек дегенді алға тартады.

Бакыт Чермашев