SpaceX зымыраны Айға соғылуы мүмкін

SpaceX зымыраны Айға соғылуы мүмкін екенін айтып астрономдар дабыл қағуда. Польша Беларусьпен  шекарасына қабырға орнатып жатыр. Армения Президенті Армен Саркисян отставкаға кетті. Ал Перу тұрғындары жаппай шаштарын алдыртып жатыр. 

SpaceX зымыраны Айға соғылуы мүмкін. Астрономдар ғарышта жеті жылға жуық қалықтаған SpaceX зымыраны бақылауды жоғалтып, Аймен соқтығысу жолында екенін анықтады. Естеріңізде болса, Falcon 9 зымыран тасығышы Флоридадан 2015 жылдың ақпан айында АҚШ-тың Ұлттық Мұхиттық және атмосфералық басқармасына ауа райы спутнигін жіберу миссиясы аясында ұшырылған еді. Алайда ұзақ уақыт бойы жанған қозғалтқыштардың бірі істен шыққаны анықталды. Десе де, кей сарапшылар соқтығысу ғылым үшін құнды мәліметтер бере алады деп санайды. Метеоролог Эрик Бергер бұл оқиға «зымыранның соққысы нәтижесінде лақтырылған жер асты материалын» байқауға мүмкіндік беретініне сенімді.

ПОЛЬША МЕН БЕЛАРУСЬ ШЕКАРАСЫНА ҚАБЫРҒА САЛЫНЫП ЖАТЫР

Польша, Беларусьпен арадағы шекараға, темір қоршау орнатып жатыр. Бұған 394 миллион доллар бөлген. Мақсат - сырттан келетін мигранттарға тосқауыл қою. Жоба бойынша Беларусьпен араға 180 шақырымдық, ал биіктігі 5 жарым метр болатын қорған тұрғызылмақ. Бірақ табиғат қорғаушылар, бұл мигранттарды тоқтатпайды, тек орманға зиян келтіреді дейді. Былтыр жаз айында Беларусьтан Польша арқылы еуропаға мыңдаған мигрант өтпек болып, дүрбелең туғызды. Ресми Брюссель бұл жөнінде, Минск босқындарды ЕуроОдақ елдеріндегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін, әдейі бағыттап жатыр деп айыптаған еді.

АРМЕНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ

Армения президенті Армен Саркисян отставкаға кетті. «Мен өте ұзақ ойландым және төрт жылға жуық белсенді жұмыстан кейін Армения президенті қызметінен кету туралы шешім қабылдадым. Бұл мүлдем эмоционалды шешім емес және белгілі бір логикадан туындайды», - деді Саркисян өз мәлімдемесінде. Ол «Ел мен ұлт үшін қазіргі күрделі кезеңде ішкі және сыртқы саясаттың іргелі үдерістеріне әсер ету үшін президентте қажетті құралдар жоқ» деп атап өтті. Саркисян Армения парламентінің президенті болып 2018 жылдың наурыз айының басында сайланған болатын. Саяси мансабында ол премьер-министр, Арменияның Белгиядағы, Люксембургтегі, Ватикандағы және Ұлыбританиядағы елшісі қызметтерін де атқарды.

БРЮССЕЛЬДЕГІ ТӘРТІПСІЗДІКТЕР

Брюссельде санитарлық шектеулерге қарсы бейбіт митинг соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Бірнеше ғимарат қирады. Құқық қорғаушылар ереуілшілерді тарату үшін көз жасаурататын газ бен су шашатын құрылғыларды пайдаланды. Соған қарамастан, шеруге қатысқандар Бельгия астанасындағы еуропалық кварталда орналасқан жекелеген әкімшілік ғимараттарды, қоғамдық тамақтану орындары мен метроның кіреберісін талқандап үлгерген. Бұдан бөлек, еуропалық сыртқы әрекет қызметінің кеңсесіне шабуыл жасаған. Брюссель полициясы тәртіпсіздікке қатысқан 70-ке жуық адамды ұстады. Оннан астам азамат, соның ішінде үш полицей ауруханаға түсті.

ПЕРУДЕ ЖҰРТ ЖАППАЙ ШАШ АЛДЫРА БАСТАДЫ

Перу тұрғындары экологиялық апат салдарын жою үшін жаппай шаш алдырып жатыр. Осылайша жергілікті халық мұхитты тазалайтын құрал жасамақ ниетте. Билік өкілдерінің айтуынша мұның пайдасы шамалы. Керісінше, жиналған шаш суда қоқысты көбейтіп, қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін. 15-ші қаңтарда Перу астанасы Лима маңында суға 6 мың баррель мұнай төгіліп, шикізат мұхитқа жайылған болатын. Елде осы оқиғаға байланысты 3 айға экологиялық төтенше жағдай жарияланды. Қазір апат аймақтарында мұнайды тазалау бойынша ауқымды операция жүргізіліп жатыр.