Мәскеуде жасөспірімдерге вакцина салына бастады

Мәскеуде жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Тегін және ерікті вакциналауға 12 мен 17 жас аралығындағы жеткіншектер қатысады. Олар «Спутник-М» екпесін алады. Бұл препарат былтыр желтоқсанда тіркелген болатын. Қаладағы балалар емханаларының жанынан 13 орталық ашылған. Қазір Ресейде балалар арасында ковид  өршіп барады.

Ресейде пандемия басталғалы 12 млн-ға жуық адам коронавирус жұқтырды. Омикрон – бесінші толқыны. Ол қазір тез өршіп барады, бірақ әзірге шырқау шегіне жеткен жоқ. Соңғы 2 аптада балалар арасында жұқтыру дерегі 14 есе артқан. Әуелгі 200 науқастың қатары 28 мың баламен толыққан. Ауруханада жатқандар 8 есе көбейді. Қазір күніне 120 бала ауырып, ауруханаға түсіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдегі ковидке шалдыққандардың 15 проценті балалар екенін айтады. Осыған байланысты Мәскеуде басқа аурулар бойынша балалар қабылданбай жатыр. Алғаш рет жеткіншектерге арналған төсектер қойылды. 3 федералды стационар ашылды. Соңғы 3 ай ішінде баласына вакцина салдырғысы келетін ата-аналар қатары артқан. Олардың үлесі бұрын 26 процент болса, қазір 33 процент.

Балаларға арналған «Спутник-М» вакцинасын Гамалея атындағы ғылыми орталық жасаған. 24 қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі аталған орталыққа екпені 6 жастан асқан балаларға салып, клиникалық сынақ өткізуге рұқсат берді.

Анатолий Альтштейн, Гамалея орталығының бас ғылыми қызметкері:

– Ең алдымен 12 жастан 18 жасқа дейін жасөспірімдер вакцина салдырады. Келесі кезекте 7 мен 12 жас аралығындағы жеткіншектер тұр. Балалар вакцинасына ересектер екпесіне қарағанда 5 есе көп су қосылады.

Ресейдегі ұжымдық иммунитет деңгейі әлі де төмен, 65 проценттен аспайды. Эпидемиологтардың айтуынша, ақпанда індет жұқтырушылар саны күніне 200 мың адамға дейін жетуі мүмкін.

Ернат Мелсұлы, Дана Нұржан