БҰҰ-да Украинаға шабуыл жасау мүмкіндігі талқыланды

БҰҰ-да Украинаға шабуыл жасау мүмкіндігі талқыланды

Ресей мен АҚШ арасындағы шиеленіс Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде тартысқа ұласты. Құрама Штаттар өкілі ресми Мәскеудің Украинаға қатысты әрекеті әлемге қауіп төндіріп тұр деп мәлімдеді.

Линда Томас-Гринфилд Еуропада қалыптасқан жағдайдың қатерлі екенін және тез арада қарымта қайтаруды талап етті. Америкалықтар Украинамен шекаралас Ресей мен Беларусь аумағына әкеп қойған 100 мыңнан астам әскер кез келген уақытта шабуыл жасауға сақадай сай тұр деп айыптады. Ресей Беларусьқа ақпан айының басында тағы 30 мың сарбаз әкелмек. Томас-Гринфилд бұған дәлел жеткілікті дейді.

Линда Томас-Гринфилд, АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі:

– Ресейдің басқыншылығы бүгінде тек Украинаға ғана қауіп төндіріп тұрған жоқ. Ол сондай-ақ Еуропаға да қатер төнтіріп тұр. Әскери белсенділіктен басқа, соңғы апталарда Украинаға қарсы кибершабуылдардың күрт күшейгенін байқап отырмыз. Ресейлік әскерилер мен арнайы қызмет мемлекеттік ақпарат құралдары мен прокси-сайттар арқылы жалған мәлімет таратып жатыр. Осылайша олар Украина мен Батыс елдерін еш негізсіз басқыншылар деп атап, шабуыл жасауға сылтау іздеп отыр.

Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы өкілі Василий Небензя Мәскеудің Украинаға шабуыл жасайтынына еш дәлел жоқ деп жауап қатты. Ол соғыс тұтану мүмкіндігі туралы әңгіме әдейі арандатудан туындаған дейді. Қауіпсіздік кеңесіндегі қызу талқылау нәтижесіз аяқталды. Ешқандай ресми құжат немесе шешім қабылданған жоқ.

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі:

– Украинаға қатысты шиеленісті реттеуге үндеу жасалып жатыр, біз мұны қос қолдап қолдаймыз. Бірақ бұл дағдарыс тек біржақты қаралып жатыр. Бұл Украинаның өз ішінде болып жатқан қиындықтар. Оны Минск келісім-шартын орындай отырып, Киев арқылы шешу керек. Бұл бірінші кезекте Донецк және Луганскімен тікелей келіссөз жасауды қарастырады. Басқа жол жоқ. Егер Батыстағы серіктеріміз Украинаны өз еркімен қабылдаған Минск келісімшартын бұзуға итермелесе, онда Украина үшін мұның соңы жаман болуы әбден мүмкін.