Орталық Азияның бірыңғай энергожүйесін жаңғырту қажет – сарапшы

Қырғызстан Орталық Азияның бірыңғай энергеткалық жүйесінен шықпайды. Жергілікті сарапшылар тілшілердің сұрағына осылай жауап берді. Мамандар оны жаңғырту керек деген пікірде.

25 қаңтарда болған блэкаут Орталық Азияның бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі мәселелерді айқындай түсті. Егер бір елдің электр станциясында болған апат өзге екі елді жарықсыз қалдырса, демек жүйенің осал тұстары бар. Алайда тілшілердің сұрақтарына жауап берген Қырғыз елінің энергетиктері төтенше жағдай кез-келген жерде туындауы мүмкін дейді. Ал Өзбекстанның Сырдария жылу электр орталығында болған апат бүкіл жүйені техникалық жағынан қайта жабдықтау қажеттілігін көрсетті. 

Денис Бердаков, экономист:

– Алматыда жағдайды тұрақтай алды. Бішкек бірнеше сағатқа, ал Ташкент одан көп уақытқа толығымен жарықсыз қалды. Осыны ескеріп, бірнеше миллион доллар жұмсап, белгілі бір техникалық қорғанысты орнату қажет. Үнемі жаттығу өткізу керек. Ал жалпы айтсақ, бұл бәріне үлкен көмек беріп жүрген жүйе. 

Бірыңғай жүйенің басты міндеттерінің бірі – Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанды электр қуатымен тұрақты түрде қамту. Егер бір жерде жетіспеушілік байқалса, шұғыл түрде электр қуатын сонда бағыттауға болады. 

Ильяс Давыдов, Қырғызстанның еңбек сіңірген энергетигі:

– Бірлескен еңбегіміз республикамыз бен көрші елдерге зор пайда әкеліп жүр. Бұл өзара жәрдем мен тұрақтылық. Алайда транзит мәселелерін шешу керек. Ауыр салмақ түскенде реттеп, ең бастысы – апаттардың алдын алуды автоматтандыру.

Орталық Азияның бірыңғай энергетикалық жүйесі Кеңес Одағы кезінде құрылған. Алайда жақында болған апат оны жаңғырту қажет екенін көрсетті. Аймақтағы елдерде электр қуатын тұтыну жыл сайын артып келеді. Мысалы, Қырғызстанда 5-7 процентке өскен. Ал бұл мәселелерді жұмыла шешу керек дейді мамандар.

Бақыт Чермашев