Германия жалған вакцинация паспорты үшін жазаны күшейтті

Германия жалған вакцинация паспорты үшін жазаны күшейтті

Германияда жалған ковид-құжаттарын жасап, сатушылар көбейді. Екпе алмағандар шектеу көбейген соң осындай қулыққа көшкен. Қазір прокуратура осындай 12 мыңнан астам істі тергеп жатыр. 

Қара нарықта дәрігер мөрі басылған және QR-коды бар жалған төлқұжат 300 еуроға дейін тұрады. Оны негізінен интернет-платформаларда сатады. Абақтыға қамалу жазасы төнгенімен соңғы кезде осындай қылмыс жиілеп кетті. Мәселен, жақында қарттар үйінде жұмыс істейтін 44 жастағы әйел 15 адамға коронавирус жұқтырған. Арасында әріптестері мен қариялар бар. Екпе салдырғысы келмеген бұл әйел жалған төлқұжат сатып алған екен. Салдарынан үш зейнеткер қайтыс болды. Енді  айыпты қызметкер жұмыстан шығарылып, кісі өлтіру бабы бойынша сотталмақ. 

Томас Тиме, Берлин қылмыстық полиция департаментінің басшысы:

- Полиция осындай хабарламаларды іздеп, интернетті бақылап отырады. Сондай-ақ азаматтарымыз да көмек беріп жүр. Ауруханалармен де тығыз жұмыс істеп келеміз. Кейде олар күдік туғызған құжаттар туралы хабарлап, біз бәрін тексереміз. Айтар бір кеңесім бар, егер екпе салдырсаңыз, өз құжаттарыңызды әлеуметтік желілерде көрсетпеңіздер. Айлакерлер осындай жазбаларды аңдып, жалған құжат жасау үшін жеке мәліметтеріңіз бен қолтаңбаңызды пайдалануы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, жұрт шектеулерді сақтамау үшін жалған төлқұжат сатып алады. Германияда екпе алмағандарға спорт жарыстары мен көптеген мәдени мекемелерге баруға рұқсат жоқ. Тіпті кафе мен мейрамханаларда да төлқұжат көрсету қажет. Полиция жалған құжат жасағандарға қатаң жаза қарастырылғанын ескертіп отыр. 

Томас Тиме, Берлин қылмыстық полиция департаментінің басшысы:

- Қазір тек Берлин комиссариатында вакциналаудың жалған төлқұжатына қатысты  1724 іс бар. Бұл өте көп. Осындай қылмыс саны өсіп кеткені. Қараша айында заңдарымыз өзгерді. Жалған төлқұжат жасағаны үшін 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы мен айыппұл қарастырылған. Ал егер мұны кәсіпке айналдырып, одан пайда тапса, 5 жылға сотталуы мүмкін.  

Дегенмен, немістердің көбі вакциналанудың маңызын жақсы түсінеді. Бүгінде халықтың 74% екі екпе салдырған. Алайда үкімет қаңтардың соңына дейін 80 процент халықты вакциналау межесіне жете алған жоқ.

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский