Әлемде эпидахуал тұрақсыз: науқастар саны артып, тәртіп күшейді

Жалпы, әлемде эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Қарттарға вакцинаның төртінші дозасы салына бастады. Оңтүстік Кореяда науқастар саны көбейсе, Индонезияда шектеулер күшейді. Ал АҚШ-та керісінше, кей штаттарда маскасыз жүруге рұқсат етілді.

Чилиде де омикрон өршіп тұр. Вирустың таралуын тежеу үшін кеше жасы 55-тен асқан тұрғындарға вакцинаның төртінші дозасын салуға рұқсат етілді. Бұған дейін күшейткіш дозаны иммунитеті әлсіз азаматтар ғана қабылдайтын.

Себастьян Пиньера, Чили президенті:

– Омикрон әлемге тез тарап, көп елдер зардап шегіп отыр. Чилиде де жаңа штам өршіп тұр. Біз халқымызды коронавирустан қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА ВИРУСТЫ ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ АРТТЫ

Оңтүстік Кореяда омикрон күш алған тәрізді. Өткен аптадан бері елде күн сайын 35 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, дертке шалдыққандар қарасы күрт артты. Бірақ дельтамен салыстырғанда ауыр халде жатқан науқастар саны аз. Мамандар мұны елде үшінші дозаны салдырушылардың артуымен түсіндіріп отыр. 

Лим Сук Ён, Оңтүстік Корея қауіпсіздік және табиғи апаттармен күрес жөніндегі штаб басшысы:

– Соңғы уақытта вирусты жұқтырғандар саны ратты. Бұл коронавирустың омикрон түрінің тез таралуымен және жаңа жыл мерекесімен байланысты деп ойлаймын. Бірақ өлім-жітім аз.

ИНДОНЕЗИЯДА ШЕКТЕУЛЕР ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

Индонезияда індет қайта күшейіп, ауруханаларда науқастар саны қаңтар айымен салыстырғанда 20 процентке өскен. Эпидахуалдың нашаралуына байланысты Джакарта мен Балиде және Ява аралыныдағы қалаларда шектеулер қатаңдатылды. Сауда орталықтары мен мейрамханаларда келушілер саны шектелді.

Хизкиа Три Фирманто, тұрғын:

– Омикронның тез таралып жатқаны алаңдатады. Жұмыс істейтіндіктен отбасымды ауыртып алам ба деп қорқамын. Жақында әріптесіміздің бірі осы штамды жұқтырып алды.

ІНДЕТТІҢ ТАРАЛУЫ БӘСЕҢДЕДІ

Ал АҚШ-та эпидахуал оңала бастағандай. Әсіресе, қатерлі індеттің негізгі ошақтары саналатын ірі қалаларда жағдай біршама жақсарған. Ресми мәліметке қарағанда вирусты жұқтығандар саны тәулігіне 800 мыңнан 290 мыңға түскен. Ахуалдың жақсаруына жаппай вакциналау науқанының қарқын алуы әсер еткен. Осы ретте Калфиронияда вакцина салдырғандарға жабық ғимараттарда маскасыз жүруге рұқсат етілді. Ал Делавэр, Пенсильвания және Нью-Джерси штаттарында мектепте бетперде тағу ережесі алып тасталды.

Фил Мерфи, Нью-Джерси штатының губернаторы:

– Оқу орындарында маска тағу тәртібін алып тастауға бірнеше фактор түрткі болды. Біріншіден, біздің штатымызда ковид жұқтыру дерегі едәуір азайды. Екіншіден вакциналау да қарқынды жүріп жатыр. Оның үстіне алдағы күндері 5 жасқа дейінгі балалар да екпе ала бастайды. Дегенмен ковидті жеңдік деп айтуға әлі ерте.

ЧЕХИЯДА ШЕКТЕУЛЕР ЖЕҢІЛДЕТІЛЕДІ

Чехияда да ертеңнен бастап карантиндік шектеулер жеңілдетілмек. Себебі елде омикронның таралуы бәсеңдеген. Осыған байланысты мейрамхана мен мәдени-спорттық және өзге де іс-шараларға кіру үшін міндетті түрде ковид-төлқұжатты көрсету тәртібі алынып тасталмақ. Бірақ қоғамдық орындарда маска режимі сақталады

Дәурен Ақашұлы