Пайдалы қазбаларды қазу кезінде газ атмосфераға орасан көлемде тарап жатыр

Пайдалы қазбаларды қазу кезінде газ атмосфераға орасан көлемде тарап жатыр

Мамандардың есебінше, қоршаған ортаға келетін зиян 20 миллион автокөлік шығаратын газбен шамалас екен. АҚШ пен Франция ғалымдар тобы алғаш рет метанды ауаға ең көп тарататын кеніштер картасын жасады.

Бұл карта ғалымдардың екі жыл бойы жүргізген зерттеуінің нәтижесі. Онда ең үлкен сары дак болып Орталық Азия аймағы белгіленген. Ғалымдар спутниктен түсірілген бейнелерге қарап, ауаға метан шығаратын ірі ошақтарды іздеді.

Деректерге сүйенсек, мұның дені мұнай мен газ өндірумен байланысты. Және метанның басым бөлігі атмосфераға технологиялық апат салдарынан емес, кеніштердің күнделікті жұмысынан бөлінеді.

Тома Лово климатолог:

- Жылдар бойы метанмен ауаны ластап жүрген орындарды көрдік. Алжир шөлінде мұнай өндіру кезінде ілеспе газдарды жағып жіберетін жүйелер ұзақ уақыт жұмыс істемей жатқанын тіркедік. Орасан зор мөлшердегі газ ауаға таралады.

Көптеген елде кеніштердегі жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде газды ауаға шығару әдетке айналған.

Ғалымдардың есебінше, атмосфераның метанмен ластанудың шамамен төрттен бір бөлігі кен игеруші өнеркәсіптер үлесінде.

Тома Лово климатолог:

- Мұндай әдетті өзгерту қажет. Жөндеу жұмыстарын өткізген кезде резервуарларды ашқанды доғарту керек. Газды ауаға шығарудың орнына оны жағу немесе қоймаларда сақтау жүйелерін орнатқан дұрыс болар еді. Бұл қолдан келетін іс, қажетті технологиялар бар.  

Бұл экономикалық жағынан да тиімді болмақ. Зерттеушілердің есебінше, осы мақсатқа салынған инвестициялар өзін ақтайды. Өндірілген газды әлем биржаларында сатуға болады. Еске салып кетсек, Глазгодағы климат конференциясында ауаға шығатын метан мөлшерін 35 процентке қысқарту міндеті қойылған болатын. Ғалымдардың бұл зерттеу қорытындысы осы мақсатқа қол жетуге болатынын көрсетті.

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан