Украинада бензин импорты 30%-ке артты

Украинада бензин импорты бір айда бірден 30 процентке өсім көрсетті. Мұнай-газ нарығының мамандары елде отын бағасы әлі де көтеріледі деп болжайды. Өйткені соңғы уақытта Украина-Беларусь арасындағы саяси байланысқа сызат түсе бастаған. Елде бензин импорты неге артты, екі ел арасындағы саяси шиеленестің арты неге әкеп соғады? 

Биыл қаңтарда Украинаға шет елдерден 116 мың тоннадан астам жанармай жеткізілген. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 30 процентке артық. Украина мұнай-газ нарығының тәуелсіз маманы Александр Сиренко бензин импортының артуына елдегі газ бағасының қымбаттауы әсер етті дейді. Оның үстіне өткен жылы Украинада көгілдір отын бағасы 50 процентке өскен еді.

Александр Сиренко, мұнай-газ нарығының тәуелсіз сарапшысы:

– Украинада сұйытылған газ бағасы көтерілді. Осы тұста бензин өніміне сұраныс артты. Қаңтарда бензин тасымалы 30 процентке өсті. Импорттың көп бөлігі Беларусь пен Литва елдеріне тиесілі.

2020 жылдан бері Украина-Беларусь қарым-қатынасына сызат түсе бастады. Күні кеше Беларусь Президенті Александр Лукашенко: «Киев пен Мәскеу арасындағы шиеленіс ушықса, Беларусь Украинаға отын мен электр энергиясының  тасымалын тоқтатуы мүмкін»,- деп мәлімдеді. Сарапшылар – Беларусьтен бензин тасымалы тоқтаса, елдегі отын бағасы күрт көтеріледі деп болжайды.

Александр Сиренко, Украина мұнай-газ нарығының тәуелсіз сарапшысы:

– Тараптар ортақ келісімге келмесе , Украина бензинді Польша мен Венгриядан сатып ала бастайды. Сондай-ақ теңіз тасымалы тағы бар. Мысалы, Украинаға дизельдік отын теңіз арқылы Грекия, Италия мен Израильден жеткізіледі. Бұл, әрине, қымбат және ол бірден экономикаға әсер етеді.

Бүгінде шет елдерден Украинаға тасымалданатын бензин импортының 50 проценттен астамы Беларусь еліне тиесілі. Сарапшылар Беларусьтен жеткізілетін мұнай өнімдерінің жалпы құны 3 млдр доллар шамасында деп бағалайды.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко