Канадада ереуіл аяқталды

Канадада ереуіл аяқталды

Канаданың Оттава қаласында наразылық акция аяқталып, шаһар көшелерінде тазарту жұмыстары басталды.

Айта кетейік, парламент ғимаратының алдында жиналған халық полицияның арнайы операциясынан кейін тарқай бастаған.

Тәртіп сақшылары ереуіл қайта жанданбауы үшін бірнеше тас жолды бөгеп тастады. 100-ден астам бақылау-өткізу бөгеттері құрылды. Ереуіл кезінде 190 адам қамауға алынды. Сонымен қатар тәртіп бұзғандардың жеке шоттары бұғатталды. Қазір 76 банк шотындағы 3 млн  АҚШ доллары қолжетімсіз. Бұдан бөлек 50-ден астам көлік эвакуацияланды.

Естеріңізге салайық, Канадада жүк тасымалдаушылардың коронавирустық шектеулерге қарсы шеруі қаңтардың соңында басталған еді. 3 аптаға жалғасқан акция Еуропаның өзге елдерінде қолдау тапты.

Стив Белл, Оттава полициясының өкілі:

- Ереуілдерден зардап шеккен аймақтарда тазарту жұмыстары басталды. Әзірге барлық блокбекеттер жұмысын штаттық режимде жалғастыратын болады. Тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырамыз. Заңсыз жиналған наразылар тарқамаса, қамауға алынатынын ескертеміз.