Украинада түрмеде отырған әскери тәжірибесі бар қылмыскерлердің отан қорғауына рұқсат етіледі

24.kz

Бүгін Украина мен Ресей делегациясы арасындағы келіссөз Беларусьтің оңтүстік-шығысында орналасқан Гомель облысында басталды. Украина делегациясының құрамында елдің қорғаныс министрі Алексей Резников, сыртқы істер министрінің орынбасары Николай Точицкий, президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк, " Слуга народа" фракциясының басшысы Давид Арахамия, депутат Рустем Умеров пен үш жақты байланыс тобы Украина делегациясы басшысының бірінші орынбасары Андрей Костин бар. Украина тарапынан талқыланатын басты мәселе - аймақтағы атыс-шабысты тоқтатып, Украинадан Ресей әскерін шығару болды. Ал Ресей делегациясында осы елдің сыртқы істер мен қорғаныс министрлігінің, президент әкімшілігінің және өзге де ведомство өкілдері болды. Делегацияны Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский бастады. 

Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:  

- Түнімен ұйықтаған жоқпыз. Украина делегациясын күттік. Келу уақыты бірнеше рет өзгерді. Сағат 12:00-де келіссөздерді бастаймыз. Жанжалдың ұласуына байланысты сағат сайын Украина әскерилері қаза болып жатыр. Сондықтан ертерек бір мәмілеге келуге асықпыз. Ортақ келісімге келу екі тарапқа да тиімді.

Украина делегациясы Беларусқа Польша арқылы жетті. Поляк бағыты қауіпсіздік мақсатында таңдалған. Шараның нақты қай жерде өткені қауіпсіздік мақсатында жарияланған жоқ. Бұған дейін Владимир Зеленский, Беларусь президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлескен. Зеленский бұл келіссөздердің нәтиже беретініне үміті аз екенін айтса да тараптардың жүздесуіне келіскен.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Александр Лукашенко Украина және Ресей делегацияларын Припять өзенінің жанында кездесуге шақырды. Алдын ала ешқандай шарт қойылмайды. Мұны мен шегелеп айтамын. Бірақ ашығы керек: бұл кездесуден пайда шамалы. Сонда да кездесіп көрейік. Украинаның ешбір азаматында мен бұл соғысты тоқтатуға күш салмады деген күмән қалмас үшін осындай қадамға барып отырмын. Бүгінгі ең маңызды іс – ел қорғайтын сарбазға айналу екендігін түсінген абзал. Сондықтан мемлекет жауынгерлерге лайықты ақша төлегенін жан-тәніммен қалаймын.

Бүгін Владимир Зеленский қамауда отырған қылмыскерлер әскери тәжірибесі болса, босатылып, қақтығыс аймағына бара алатынын хабарлады. Президент үндеуінде әскери жағдай кезінде қылмыскерлер кінәсін өтей алады дегенді алға тартты. Сонымен қатар Зеленский қақтығыста жеңіске жететініне сенімді екенін айтып, шиеленісте қаза тапқандар санын жариялады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Ресейдің басып кіруінен 16 бала қаза тапты. 5-і жарақат алды. Қазірдің өзінде 4,5 мың ресей әскерінің көзі жойылды. Бұл жерге не үшін келдіңдер? Брондалған техника не үшін бізге қарсы шабуылдап жатыр. Көліктеріңді тастап, елге қайтыңдар. Командирлеріңе сенбеңдер. Өз өмірлеріңді сақтап қалыңдар!

Ал Ресейдің қорғаныс министрлігі алғаш рет адам шығынын жарияласа да олардың нақты санына тоқталған жоқ. Десе де, Ресей тарапынан болған шығын украиналықтардан әлдеқайда аз екенін хабарлады. Мәскеу тарапы Украинаның әскери нысандары ғана атқыланып жатыр деген мәлімет таратты.

Батыс елдері Ресей мен Беларуське қарсы санкциялар тізімін қатаңдатып жатыр. Жаңа шектеу шаралары бойынша Еуроодақ Ресейдің барлық ұшағына өз әуе кеңістігін жауып тастады. Яғни одаққа ортақ аймақта ұшуға, қонуға және транзитпен өтуге болмайды. Ресейге қолдау білдірген Беларусьтан минералды жанар-жағармай мен темекіден бастап ағаш, цемент, темір және болатты импорттауға тыйым салынды. Жуырда Жапония да Ресейдің орталық банкі мен Лукошенкоға қарсы санкция жариялады. Бұған қоса Еуропа одағы Украина армиясына қару сатып алуға 450 миллион еуро бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлім етті. Одақ өз тарихында мұндай қадамға алғаш рет барып отыр. Қаржы соғыс ұшақтарын жоюға арналған Стингер зымырандарына да жұмсалмақ. Бұған дейін Киев Ресейдің жердегі және әуедегі шабуылына тойтарыс беру үшін Еуропа одағынан көмек сұраған болатын.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Біз екі мақсатта қолданылатын, яғни азаматтық саламен бірге әскери салада да пайдалануға болатын тауарларды экспорттау туралы шектеулерді Беларусьқа да қолданамыз. Бұл Ресейге қарсы салынған санкцияларды айналып өтудің жолын кеседі. Бұдан бөлек Ресей әскерилеріне көмектесіп жатқан беларусьтарға да шектеулер қолданамыз.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Украиндағы жағдайға байланысты Бас Ассамблеяның төтенше арнайы отырысын шақыру туралы қарар қабылдады. Құжат бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясында талқыланады. Жақында АҚШ пен Албания Украинадағы жағдайды талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысын шақырған. Басқосуда Ресейдің Украинаға қарсы арнайы операциясын айыптап, өз әскерін шығаруды және өзін өзі жариялаған қос республиканы танудан бас тартуды талап еткен. Бірақ жоба қарарын 11 мемлекет қолдап дауыс берсе, Ресей вето құқығын қолданып, құжат қабылданбай қалған еді. Ал Қытай мен Үндістан дауыс беруден қалыс қалған.