Женевадағы БҰҰ-ның кеңесінде Украинадағы жағдай бойынша шұғыл пікірталас өткізіледі

Женевадағы БҰҰ-ның кеңесінде Украинадағы жағдай бойынша шұғыл пікірталас өткізіледі

Адам құқықтары жөнінде БҰҰ-ның Кеңесі көпшілік дауыспен Украинадағы жағдай бойынша шұғыл пікірталас өткізу шешімін қабылдады. Бұл мәселе бейсенбі күні талқыға салынатын түрі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Адам құқықтары жөнінде БҰҰ-ның Кеңесіне мүше 29 ел осы шешімді қолдап, бесеуі қарсы дауыс берді. 13 мемлекет қалыс қалды. БҰҰ Женевадағы бөлімінде Украинаның тұрақты өкілі Евгения Филипенко осы Кеңеске мүше Ресей, Украинаға негізсіз басып кіргенін мәлімдеді.  

Евгения Филипенко, БҰҰ Женевадағы бөлімінде Украинаның тұрақты өкілі:

– Біріккен Ұлттар ұйымының аз ұлттар бойынша Жоғарғы Комиссары 400-дей бейбіт тұрғын зардап шеккенін айтты. Арасында балалар да бар, ал қазір саны өсіп, 2 мыңдай адамға зақым тиген. Бұл тек Украинаға ғана емес, құрылығымыздағы әр елдің қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

БҰҰ Адам құқықтары жөнінде Жоғарғы комиссары Мишель Бачеллет Украинада жақын арада гуманитарлық апат басталып, босқындар мәселесі ушығатынын мәлімдеді. Ол қазірдің өзінде 422 мың украиналық елден кетіп, көптеген адам ел аумағында босып жүргенін хабарлады.

Мишель Бачеллет, БҰҰ Адам құқықтары жөнінде жоғарғы комиссары:

– Бейсенбі күннің таңынан өткен түнге дейін кеңсеміз 406 бейбіт адамға зақым келгенін тіркеді. Оның ішінде 102 адам қаза тапты, арасында 7 бала бар және 304 адам жараланған. Ал нағыз саны бұдан едәуір көп.

БҰҰ Женевадағы бөлімінде Ресейдің тұрақты өкілі Геннадий Гатилов Ресей бейбіт адамдарға оқ атпайтынын хабарлады.

Геннадий Гатилов, БҰҰ Женевадағы бөлімінде ресейдің тұрақты өкілі:

– Ресей ЛХР мен ДХР тәуелсіздігін танығаннан кейін атыс тоқтаған жоқ, тіпті күшейіп, бүгінде жалғасып отыр. Осыған байланысты Украинадағы қасіретті тоқтату үшін арнайы операция өткізу шешілді. Басқа амалымыз қалған жоқ. Бұл операцияның өз мақсаты бар және бейбіт адамдарға оқ атылып жатқан жоқ.

Бейнеконференция форматында үндеу жасаған БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейдің Украинадағы әскери қимылы адам құқықтары бұзылуының жиілеуіне әкеп соққанын мәлімдеді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Мен шабуылды тоқтатып, диалог пен дипломатия жолына оралуға үнемі шақырып жүрдім. Адам құқықтарының сақталуын бақылайтын миссиямыз Украинада жұмысын жалғастырып, гуманитарлық мекемелеріміз әрекетін белсендіре түсті.

Бүкіл әлем осы шиеліністің бейбіт шешілуіне үміт артып отыр. Әскери жанжалды реттеу бойынша халықаралық алаңдардың бірі ретінде Қазақстан астанасы осыған өз үлесін қоса алады. Бұл туралы еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов