Ресейге қарсы санкциялар ел экономикасына қалай әсер етеді

Әлем елдері Ресейге қарсы қабылдаған санкциялар тізімін арттырып жатыр. Қара тізімге мәдениет, спорт, кино мен қаржы ұйымдары кірді. Жаңа шектеулер жеке тұлғалар үшін де заңды күшіне енді. Ал Канада Ресейдің мұнайынан бас тартты.

Әлем елдері Ресейдің Украинаға қарсы әрекетіне байланысты қатаң санкциялар тізімін сағат сайын толықтырып жатыр. Бұл шектеу ел экономикасын әлсірете бастады. Қазір Ресей қор биржасы жабық. Халық банкомат алдында ұзын-сонар кезекте тұр. Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания мен Канада Ресейдің Орталық банкін бұғаттап тастауға барын салды. Ал барлық активтер доллар, евро, фунт стерлинг пен юань валютасында сақталған.

Сергей Гуриев, профессор:

– Ресей кәсіпкерлері инвестициямен айналысқысы келсе, технологиялық шектеулерге тап болады. Бұл ресейліктердің табысына, экономикалық өсіміне, тұрмыс деңгейіне әсер етеді. Мәселе Ресей бюджетіндегі ақша қашан бітетінінде емес. Мәселе Ресей азаматтарының тауар, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу мүмкіндігінің азайғанында. Халық жақсы өмір қалайтынын, соғысқа қарсы екенін айта бастайды. Өйткені бұл соғыс халық үшін тым қымбатқа түсіп жатыр.

MASTERCARD РЕСЕЙДІҢ БІРҚАТАР БАНКІНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУІН ТОҚТАТТЫ

Бүгін халықаралық Мастеркард төлем жүйесі бірақатар Ресей банкіне қызмет көрсетуін тоқтатты. Бұл банктердің карталары өзге елдерде және шетелдің интернет-сайттарында жұмыс істемейді. Бірақ Ресейдің ішінде әзірге төлем жасауға болады. Халықаралық Виза төлем жүйесі де санкция шарттарын орындау үшін шұғыл әрекетке көшкенін хабарлады.